• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан Мәжілісі мен Болгария Парламенті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан Мәжілісі мен Болгария Парламенті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

9 Қараша, 2015 15:34
Бүгін Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов алғаш рет ресми сапармен келген Болгария Халықтық Жиналысының Төрайымы Цецка Цачева бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Мәжілісі мен Болгария Парламенті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Палатаның баспасөз қызметі хабарлағандай, тараптар қазақстандық-болгариялық екіжақты қарым-қатынасты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылады.  

Мәжіліс Спикері Болгария Қара теңіз аймағы мен Балқан түбегіндегі Қазақстанның сыртқы саяси және маңызды экономикалық әріптесі екенін атап өтті.

Дипломатиялық байланыс орнаған 23 жыл ішінде екі ел арасындағы өзара іс-қимыл айтарлықтай нығайып, сенімділік, теңқұқылық, өзаратүсіністік сипатында дамуда. Ал, бүгінгі кездесу-қос тараптың болашақта да барлық бағытта ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген талпынысының жарқын көрінісі.

Қ. Жақыпов мәртебелі мейман алдында еліміздің қазіргі табыстарын сөз ете келіп, ел дамуындағы негізгі бағдарламаларға, соның ішінде, «Қазақстан -2050» Стратегиясына, Қазақстан Президентінің 5 институционалдық реформалары мен оны орындаудың «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарына тоқталды. Қазақстан мүше болып табылатын, Еуразиялық Экономикалық Одақ жайы да назардан тыс қалмады.

Өз кезегінде Ц. Цачева бұл ресми сапарға тарихи маңыз бере отырып, оның біздің мемлекетіміздегі атаулы даталармен (сәйкес келгендігіне ерекше көңіл бөлді. Болгария Халықтық Жиналысының төрайымы Қазақстанның өте маңызды әріптес екенін алға тартып, әсіресе, экономика саласында жан-жақты, ұзақмерзімді, өзара тиімді әріптестік орнатуға ынталы екендіктерін, осы орайда Болгария мемлекетінің Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне белсене қатысуға дайын екендігін жеткізді.

Қ. Жақыпов пен Ц. Цачеваның атап өткеніндей, қазақстандық-болгариялық қатынастың қарқынын арттыру үшін екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашудың,  Еуропалық Одақпен визалық режимді оңайлатудың маңыздылығы зор.

Кездесу иелерінің пікірінше, көліктік, құрылыс, ауылшаруашылығы, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, туризм, мәдениет салалары екіжақты ықпалдастықты дамытудың басым бағыттары саналады.  

Сындарлы жүздесуден кейін Қабиболла Жақыпов пен Ц. Цачева Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Болгария Халықтық Жиналысының арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

 

Барлық жаңалықтар