• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақтөбе облысы мен Үндістанның сыртқы тауар айналымы 2,8 млн долларды құрады – әкімдік

Ақтөбе облысы мен Үндістанның сыртқы тауар айналымы 2,8 млн долларды құрады – әкімдік

9 Қараша, 2015 14:47
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірге «Үндістанның жарқын бояулары» халықаралық конкурсына қатысу үшін келген Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Харш Кумар Джайнмен кездесті, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Харш Кумар Джайн мырзаға Ақтөбеге келгені үшін алғысын білдірді және қонаққа сауда-экономикалық байланыстардың жай-күйі туралы әңгімелеп берді. Ағымдағы жылдың сегіз айында Ақтөбе облысының Үндістанмен сыртқы сауда айналымы 2,8 млн. АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт (феррохром, тамақ өнімдері) - 1,5 млн. доллар, ал импорт - 1,3 млн. доллар.

Сондай-ақ өңір басшысы Елшіге аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері, атап айтқанда, Ақтөбеде салынған, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында орналасқан кез келген бизнес инфрақұрылымын дамытуға қажетті ауданы 200 гектар Индустриялық аймақ туралы айтып берді. Келесі жылдан бастап «Инвесторларға қызмет көрсету орталығы» ашылады, онда кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіледі.

«Қазақстанда бизнесті дамытуға, соның ішінде шетелдік компаниялар үшін барлық жағдай жасалған, - деді өңір басшысы, - мен тығыз әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты жолға қоюды ұсынамын. Сондай-ақ бізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен өңдеу саласында ынтымақтастықтың үлкен мүмкіндіктері бар. Бізде жерүсті және жерасты су қорлары болса да, суармалы егін шаруашылығы баяу дамып отыр».

Үндістан ірі индустриялы державалардың бірі екенін атап өткен жөн.  Бұл елде әсіресе отын-энергетика, кен өндіру өнеркәсібі, атом энергетикасы жақсы дамыған.

Ақтөбе өңірінде жалғыз ғана бірлескен қазақстан-үндістан кәсіпорны жұмыс жасайды, Бердібек Мәшбекұлының айтуынша, бұл Ақтөбе облысы мен Үндістан Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетіне мүлдем сәйкес емес. Облыс әкімі Елшіні және үндістандық кәсіпкерлерді осы жылғы 27  қарашада өтетін инвестициялық бизнес-форумға шақырды.

Харш Кумар Джайн Бердібек Сапарбаевқа жылы шырайлы қабылдау үшін алғыс айтты және ол тағайындалғаннан кейін Қазақстан аймақтарына алғаш рет шығып отырғанын атап өтті.

Өз сөзінде Үндістан Елшісі Қазақстан мен Үндістан арасында экономиканың әртүрлі салаларында тығыз ынтматастық ұдайы дамып отырғанын айтты. Екі мемлекет басшыларының кездесулері барысында ядролық энергетика саласында нақты уағдаластыққа қол жеткізілді, Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларация қабылданды.

Әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев Елшіге халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайту ауқымындағы уағдаластықтарды еске салды. Оған сәйкес Өскеменде үнді ақыны Рабиндранат Тагорға ескерткіш ашылды, алайда Делиде Абайға ескерткіш әлі орнатылған жоқ. Үндістан Елшісі Үндістанның бас қаласында Абай ескерткішін ашу мәселесімен айналысатынына сендірді.

Кездесуден кейін Бердібек Сапарбаев пен Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Харш Кумар Джайн Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында болып, онда «Үндістанның жарқын бояулары» халықаралық көрмесіне қатысушыларды құттықтады. 

 

 

Барлық жаңалықтар