Қазақстан мен Пәкістан сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі

9 Қараша, 2015 09:46
Астана қаласында комиссиясының сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық бірлескен 8-ші отырысы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусиновтің және Пәкістан Ислам Республикасының Мұнай және минералды ресурстар мемлекеттік министрі Джам Камал Ханның төрағалығымен өтті.

Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, отырыс барысында Қазақстан-Пәкістан өзара ықпалдастығының сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, транспорт және байланыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым салаларына қатысты көптеген мәселелер талқыланды.

Қазақстан тарапы «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы, «100 нақты қадам» ұлттық жоспары секілді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына назар аударды. Пәкістан тарапы «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмеге қатысуға Астана қаласына шақырылды.

Келіссөздер барысында осы жылғы  тамызда Пәкістан Премьер-министрі Наваз Шарифтің Қазақстанға ресми сапары барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін берік негіз қалағаны жөнінде атап өтілді.

Комиссия көлік-логистикалық құрамдас бөлігінің даму болашағына назар аударды, соның ішінде Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жол сілтемесі және Исламабад-Тегеран-Ыстанбұл темір жол магистралінің түйісуі, сондай-ақ, Қазақстанның Пәкістанның аумағындағы басқа да көліктік жобаларға қатысуына назар аударды.

Джам Камал Хан өз кезегінде Исламадтың Астанамен қарым-қатынасына үлкен мән беретінін атап өтті және Қазақстан мен Пәкістанның сауда-экономикалық байланысын одан әрі арттыруға шаралар қабылдауға және осы орайда, ҮАК механизмін толыққанды пайдалануға ниет білдірді.

Сонымен қатар, тараптар екі ел іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылдарының перспективалық бағыттарын белгілеп және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша басым бағыттарды айқындайтын бірлескен хаттамаға қол қойылды.

Үкіметаралық комиссияның келесі отырысын 2017 жылы Пәкістан Ислам Республикасында өткізу жоспарланды.

Қазақстанға сапар барысында Джам Камал Хан ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалинмен кездесті.

Барлық жаңалықтар