Павлодар облысында обсерватория ашылды

7 Қараша, 2015 13:02
М.М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайындағы обсерваторияның салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев және Қазақстан Республикасының алғашқы ғарышкері Айдын Айымбетов қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Павлодар облысы әкімдігі мен Еуразиялық Топ (ERG) арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында обсерваторияны қайта жаңғыртуға және жабдықтауға 90 млн. теңге қаражат бөлінген болатын. Монтаждық жұмыстарды Еуропадан келген мамандар атқарды.

Ғарыш кеңістігін игеру – бұл өркениетті дамытудың заманауи әдісі, біздің еліміз ғарыш саласындағы ірі мемлекеттердің бірі болып табылады. Өзінің маңыздылығы жағынан бүгінгі күн облыстық оқушылар сарайының тәрбиеленушілері үшін ерекше болмақ. Біз обсерватория ашып отырмыз, бұл біздің жас ғалымдарымызға ғылым менен өмірде жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік туғызады. Бұл жерде балалар ғылыми жұмыспен айналысып, астрономия, физика және  ғарыш салаларында қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыра алады.

Обсерватория бірегей оқыту алаңы болғандықтан оқушыларға мектеп бағдарламасының өрісін кеңейтіп, астрономия және астрофизика негіздерін үйрете алады, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына ғылыми жұмыспен айналысуға мүмкіндік береді. Аталмыш нысан CORONADO TPSMT90-30 Solar Max1190 атты үлкен күн телескобымен жабдықталған, оның арқасында Күнді бақылауға болады. Оған қоса, астрономиялық фотосуреттер, бейнетүсірілім жасауға және аспандағы нысандарды бақылауға арналған Meade 16 «LX 600-ASF» телескобы бар экваториальдық платформамен жарақталған.

Оқушылар сарайында обсерваториямен бірге толық «ғарыш» оқу блогы пайда болды, онда ғылыми-техникалық бағыттағы келесідей ұжымдар орналасқан: фотостудия, робототехника үйірмесі, информатика сыныбы және «Антарес» астрономия клубы. Жас астрономдар мен олардың жетекшілері Виталий Анатольевич Радченко және Гүлнар Қайырболатқызы Баубекова Новосібір қаласында өткен «Сибастро» халықаралық астрономдар слётіне, сондай-ақ «Бөбек» республикалық орталығында өткен қазақстандық жас астрономдар слётіне  қатысып келген болатын.

 

Барлық жаңалықтар