Ақтөбеде күрестің үш түрінен Қазақстан Кубогы басталды

7 Қараша, 2015 15:04
Ақтөбеде «Қоныс» спорт сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасы Кубогы үшін жарыс басталды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жарыс қорытындысы бойынша Әлем Кубогына, Азия және әлем чемпионаттарына дайындалып, қатысу үшін Қазақстанның құрама командасы жасақталады. Бұл жарыс Жақсылық Үшкемпіровтың 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасындағы жеңісінің 35 жылдығына арналып отыр. Аты аңызға айналған балуанның жетістіктері өте көп. Ол 1981 жылы әлем чемпионы, 1982 жылы Әлем кубогының, 1980 жылы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 1975 және 1980 жылдары КСРО-ның чемпионы, 1978, 1979 жылдары КСРО біріншілігінің күміс, 1973, 1977 жылдары қола, жүлдегері, 1975 жылы КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы атанды, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері.

Қазақ батыры Қазақстан Кубогы үшін жарысқа келіп, ашылу салтанатына келді.

Спорт мерекесін ашқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев балуанның даңқты спорт жолдарына тоқталып, оның спорттық жолы мыңдаған қазақстандық балаларға үлгі екенін айтты. Ал жарысқа қатысушыларға отандық спорт пен еліміздің дамуы жолында жеңістер мен жетістіктер тіледі.

Жарыс деңгейі өте жоғары. Кубокты сарапқа салатын спортшылардың дәрежесі спорт шеберлігіне кандидаттан төмен емес.

Сондай-ақ Кубок үшін жарыстың құрметті қонақтары ретінде олимпиадалық ойындардың, әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, еңбегі сіңген жаттықтырушылар Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов, Юрий Мельниченко, Икрам Байрамуков, Георгий Цурцумия, Мейірхан Рахметов, Нұрбақыт Теңізбаев, Таңат Сағындықов, Мәулен Мамыров, Ақжүрек Таңатаровтар, Жақсылық Үшкемпіровтың командалас досы олимпиадалық ойындардың екі дүркін чемпионы (1980, 1988 жылдар), әлемнің алты дүркін чемпионы, Еуропа және КСРО біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Сергей Белоглазов шақырылды.

Барлық жаңалықтар