• Басты
  • «Жібек жолы» фестивалінің жабылу салтанатында Италиядан келген қонақтар өнер көрсетеді

«Жібек жолы» фестивалінің жабылу салтанатында Италиядан келген қонақтар өнер көрсетеді

6 Қараша, 2015 11:56
ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің жабылу салтанатына арналған ғаламат Гала концертте Италиядан келген қонақтар – атақты сырнайшы Нелло Сальца және дирижер Массимо Скапин өнер көрсетеді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

«Астана Опера» театрының Үлкен залында музыкалық кеш өтеді, оған театрдың опера және балет жұлдыздары, тамаша хоры мен керемет симфониялық оркестрі қатысады.

Мерекелік концерттік бағдарлама А. Жұбанов пен Л. Хамидидің қазақтың классикалық «Абай» операсындағы әйгілі «Той бастар» көрінісі мен Айдардың ариясынан бастау алады. 25 қыркүйекте ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалі театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевтың редакциясындағы дәл осы операның тұсаукесерімен ашылғанын  атап өткен жөн. Бір жарым ай бойы театр көпшіліктің назарына 23 іс-шара ұсынды, оның ішінде 14 қойылым және 9 концерт бар.  

 «Опера – менің өмірім. Рөлдерімнің әрқайсысына бар жанымды саламын және өз өмірімді музыкасыз, театрсыз, көрерменсіз, сахнадан алатын және көпшілікке беретін есті тандырарлық күш-қуатсыз елестете алмаймын. Мен осындай шеберлік деңгейі жоғары тамаша ұжыммен жұмыс жасағаныма өте қуаныштымын. Қазақстандық әріптестерімнің жылы қарсы алғанын және ізгі ниеттерін атап өткім келеді. Олар шын мәнінде маған қамқорлық көрсетіп, көп көңіл бөлді.  Қазақстанда  опера және балет өнеріне деген үлкен қызығушылықтың бары қуантады, оның бірден бір дәлелі – әрбір көрсетілімі толық аншлагпен өтетін ғажайып театр ғимаратының құрылысы», - деп Польшадан келген опералық әнші Катажина Мацкевич айтып өтті.

Мариинский театрының  прима балеринасы мен премьері – Оксана Скорик пен Евгений Иванченконың тамаша өнері ду қол шапалақ пен «Браво!» деген мақтаулар тудырды. Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Евгений Иванченко «Астана Опера» театрының балеттік труппасына сүйсініп, әйелдер мен ерлер құрамының шеберлігін атап өтті.

Фестиваль аясында театр сахнасында  әйгілі пианиношы Жәния Әубәкірова және асқан шебер жапондық скрипкашы Кен Айсо,  дәстүрлі кәріс музыкасының ең әйгілі ансамблі Noreum Machi, Ұлыбританиялық пианиношы София Рамэн, қазақстандық  жас өнерпаздар Ермек Құрманаев, Арман Тілеубергенов, Болат және Ботагөз Тыныбековтер; «Астана Балет» мемлекеттік театры өнер көрсетті.  

Көптеген музыканттар  «Жібек жолы» фестивалінің арқасында қазақ классикалық музыкасының қазынасына жол ашылғанын айтып жатты. Мысалы, Кен Айсо Мұқан Төлебаевтің шығармашылығына таңданған: «Фестивальге қатысуға шақыру алғанымда тек жапондық музыканы ғана емес, қазақ музыкасын да орындағым келді. Қазақстандық әріптестерім скрипка мен фортепианоға арналған ең жақсы пьесалардың бірі – қазақ композиторы Мұқан Төлебаев жазған «Поэма» шығармасын ұсынды. Шығармадағы тебіреністер, бейнелер жүрегіме тиді де, ол бірден жаныма жақын болып кетті».

 

Барлық жаңалықтар