ЕҚДБ ШҚО-да 20 млрд теңгені құрайтын 5 жобаға қолдау көрсетті

6 Қараша, 2015 10:18
Облыс әкімі Еуропалық қайта құру және даму банкімен іс-қимыл жасау мәселелері бойынша кезекті кеңес өткізді. Отырыс барысында жобаларды алға жылжыту барысы талқыланды, деп хабарлады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жобалардың әрбірін толықтай тексеру барысы туралы «ШҚО мемлекеттік-жеке-меншік серіктестік аймақтық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов баяндады. 

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тиісті басқармалармен және әкімдіктермен бірлесе отырып, 2016 жылдың бюджетінен «Өскемен қаласының сумен қамту және су өткізу жүйелерін жаңғырту», «Ертіс өзені арқылы Виноградов көшесінің қиылысы арқылы «Өскемен  - Семей» автокөлік жолына шығатын көпір өткелінің құрылысы», «Семей қаласының сумен қамту және су өткізу жүйелерін жаңғырту», «Семей қаласының жылумен қамту жүйелерін жаңғырту» жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қажетті қаражатты қарастыру тапсырылды.

Аймақ басшысы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысы жобасына ерекше назар аударды. Аталмыш жобаның сәтті жүзеге асырылуы жолаушыларға ыңғайлы болып қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер береді. Қазіргі уақытта «Қазақстандық мемлекеттік-жеке-меншік серіктестік орталығы» АҚ жоба бойынша сараптама жұмыстарын жүргізуде. Даниал  Кенжетайұлы Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаевке «Қазақстандық мемлекеттік-жеке-меншік серіктестік орталығы» АҚ-на барып, жобаның экономикалық қорытындысын алу мәселесін шешуді тапсырды.

Кеңес барысында Өскемен қаласының әкімдігіне жобалар тізіміне Қазақстан, Пермитина көшелері, Жеңіс даңғылы мен Славский жағалауы қиылыстары айырымының құрылысын енгізуді тапсырды.

Ертеректе хабарлағанымыздай, Еуропалық қайта құру және даму банкі жалпы құны 20 млрд. теңгені құрайтын 5 жобаға қолдау көрсетті. Бұл қаржыға Өскемен және Семей қалаларының сумен қамту және су өткізу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аталмыш қалаларда көше шамдарын электрқуатын үнемдейтін шамдарға ауыстыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Семей қаласында жылумен қамту жүйесін жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар, ЕҚДБ арқылы қаржыландыру үшін аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес қалалар мен аудандар әкімдіктері жалпы құны 146,4 млрд. теңгеге 123 жоба дайындады.

Барлық жаңалықтар