Қытай компаниясы Семейде ЖЭО-3 салуды жоспарлауда

6 Қараша, 2015 10:02
Аймақ басшысы Даниал Ахметов ҚХР-дің «Хайюань» компаниясының бас директорымен кездесу өткізді, деп хабарлады ШҚО әкімдігі.

Кездесу барысында қытай компаниясының Семей қаласында салынатын ЖЭО-3 құрылысына қатысу мәселесі қаралды.

«Хайюань» қуаттау жабдықтары компаниясының бас директоры Ши Жинг Ху жобаны іске асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов өз кезегінде апта соңына дейін жауапты тиісті басқармалармен бірлесіп, бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын дайындауды сұрады. Сондай-ақ, әкім Семей қаласында салынатын ЖЭО-3 құрылысына қытайлық компанияның қатысу мәселесін алдымыздағы аптада шығысқазақстандық делегациясының Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданына барған сапарында талқыланатын айтты.

Семей қаласындағы ЖЭО-3 құрылысының жобасы Шығыс Қазақстан облысының басымдылығы зор инвестициялық бағыттарының бірі болып табылады. Оны іске асыру қазіргі жылумен қамту жүйесін оңтайландырып, оң жағалау тұтынушыларын жылумен қамту сапасын арттырып, қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға сеп болмақ.

Айта кетсек, бүгінде аталмыш жобаның «Самрұқ-Энерго» АҚ тапсырысы бойынша дайындалған, технико-экономикалық негіздегі мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар.

 

 

Барлық жаңалықтар