Павлодарда жаңа медициналық орталық ашылды

6 Қараша, 2015 09:31
Павлодарда Усолка көшесі 42/6 мекенжайы бойынша 25 орындық жаңа Нефрология және эфферентті терапия медициналық орталығы ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Медициналық орталық «ABM Investment Group басқарушы компаниясы» ЖШС-мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында құрылды, компанияның негізгі серіктесі «B.Braun Avitum AG» компаниясы (Германия).

«Бұл еліміздегі 25 аппаратқа негізделген ең ірі диализ орталығы. Жобаның құны 330 млн. теңгеден астам соманы құрайды. Облыс әкімдігі құрылысқа арналған жер телімін бөліп берді, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс орналастыру кепілдігін береді»,- деп атап өтті облыс әкімі Қанат Бозымбаев. 

Жаңа орталық қазақстандық денсаулық сақтау тарихындағы диализ қызметтерінің тиімділігін арттыруға бағытталған типтік нефрологиялық емдік-диагностикалық орталық салудың және қызмет етуінің алғашқы үлгісіне айналып отыр.

Аталған орталық бүйректерінің функциялық жеткіліксіздігі бар науқастарға толық нефрологиялық көмек көрсетуге арналған, себебі бүйрек функциялары төмендеген науқастар және алмастырушы терапия әдісіне (гемодиализ, перитонеалды диализ, бүйректі ауыстыру) мұқтаж жандардың саны жыл санап артып келеді.  Павлодар облысы бойынша гемодиализге мұқтаж науқастар саны 2014 жылы 136 адам құрады, (оның ішінде мемлекеттік ұйымдарда – 71, жеке меншік ұйымда - 65), 2015 жылы 143 науқас (69-мемлекеттік ұйымдарда және 74 - жеке меншік ұйымда).

Толық нефрологиялық қызмет науқастарға көмек көрсетудің барлық түрін қамтиды, атап айтқанда, гемодиализді қоса алғанда (қанды бүйректен тыс тазарту) ерте диагностикалаудан бастап алдын-алуға дейін, тамырларды қалыптастыру, кеңес беру, диагностикалық және медикаменттік көмекпен қамтамасыз ету, соның ішінде стационарда.

 Орталықтағы емдік шаралардың барлығы «Dialog» атты заманауи диализ аппаратымен жасалады. Науқастарды бүйрек алмастыруға дайындау үшін нефрологиялық қызмет бастапқы медициналық буынмен және республикалық орталықтармен бірлесе жұмыс істейді. Орталық мамандары аймақтағы науқастардың  барлығын диализ қызметімен толық қамтитын болады (жылына 48 мыңнан астам диализ ем-шаралары және 150000 кеңес беру).

Сондай-ақ болашақта орталық негізінде хирургия, экстракорпоральдық ұрықтандыруды енгізумен амбулаторлық гинекология салаларын дамыту жоспарланып отыр.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар