Б.Мажағұлов: «Turkvizyon» байқауының аудиториясы 300 млн адамды құрайды

5 Қараша, 2015 13:26
«Turkvizyon» байқауының аудиториясы 300 млн адамды құрайды, деді ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да Астана қаласының мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

«Осы жылы Қазақстанда  байқаудың іріктеуі үшінші рет өтіп жатыр. Өткен жылы Жанар Дұғалова жеңімпаз атанған еді. Бір ай бұрын Қазақстан бойынша байқаудың  ресми сайтына ел намысын халықаралық додада қорғауға ниет білдірген сексеннен астам қатысушының өтініші келіп түсті. Нәтижесінде байқау сарапшылары бір ауыздан 19 финалистің есімін анықтады», - деді ол.

«Turkvizyon» байқауының шарты бойынша додаға еш жерде жарық көрмген, жаңа түркітілді әндер қатыса алады. Әр жыл сайын байқау Қазақстанға көптеген хит әндерді жарыққа шығаруда. «Turkvizyon-2015» Ұлттық іріктеуінің финалына қазақ тіліндегі жаңа әндердің орындаушылары жолдама алды.

«Turkvizyon-2015» Ұлттық іріктеу финалының қазылар алқасының құрамында Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, әнші, «Turkvizyon-2014» Халықаралық түркітілді ән байқауының жеңімпазы Жанар Дұғалова, сазгер Арман Дүйсенов, сазгер Ренат Гайсин, ақын Қалқаман Сарин, «Хабар» агентігі» АҚ Бас продюсері Ринат Думанұлы бар.

Айта кетейік,  "Turkvizyon» - халықтық дауыс берудің әділдігі мен қорытындының ашық болу принціпін таңдаған, саяси, кәсіби қысымнан тәуелсіз бірінші музыкалық байқау. «Turkvizyon» - заманауи эстрадалық әннің теңдессіз байқауы, қатысушылар жағрафиялық бөлініске қарап емес, шығу тегіне байланысты қатысады.

 

 

Барлық жаңалықтар