Сенат Жаңа Еңбек кодексінің жобасын қабылдады

5 Қараша, 2015 13:10
Бүгін ҚР Парламент Сенатының пленарлық отырысында палата депутаттары Жаңа Еңбек кодексінің жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады.

Еңбек кодексінің жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын жүзеге асыру мақсатында дайындалды (83 қадам).

Жаңа Еңбек кодексінің тұжырымдамалық үлгісі тараптардың мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, олардың жауапкершілігі мен рөлін айқындап, жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастарына мемлекет тарапынан араласу шегін нақты анықтауды ұсынады.

Мемлекет жұмыскерлерге берілетін кепілдеме мен өтемақының ең төменгі деңгейдегі еңбек стандарттарын анықтап, жұмыс беруші тараптарының бұл міндеттемелерді орындауын қатаң бақылайтын болады.

Жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастары көп жағдайда жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, жұмысшыны жұмыстан босату, жұмыс уақыты, еңбек шарттары мен оның төлемақысы салаларындағы өзара келісім жасау және ұжымдық шарттардың әлеуетін күшейте отырып, өзін-өзі реттеу қағидаларына сай жүзеге асырылатын болады.

«Сонымен қатар, Кодекс жобасында жұмыс берушілер үшін жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, қызметкерді жұмыстан босату, еңбек шарттары мен оның төлемақысын анықтау шаралары жеңілдетілген. Сондай-ақ, негізгі еңбек кепілдемелері мен қызметкерлердің құқықтары бекітіліп, оларды ұжымдық, жеке шарттар мен келісімдерді жасау және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын құралдар арқылы ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған», - деді Т.Дүйсенова.

Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтардың рөлі кеңейтілді, оның ішінде жақында қабылданған «Кәсіподақтар туралы» Заңда қарастырылған мүмкіндіктер де есепке алынды.

Анар Тәңірқұлова

 

Барлық жаңалықтар