• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстандық компаниялар корпоративті желілердің заманауи ақпараттық қауіпсіздік тәсілдерімен танысты

Қазақстандық компаниялар корпоративті желілердің заманауи ақпараттық қауіпсіздік тәсілдерімен танысты

5 Қараша, 2015 12:53
Астанадағы Ресей ақпараттық қауіпсіздік саласындағы кәсіби мамандар қауымдастығының (RISSPA) қолдауымен Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі жөніндегі директорлар клубының (CISO Club kz) дәстүрлі кездесуі «Корпоративтік желіні қорғаудың заманауи әдістері» тақырыбында өтіп жатыр.

Қазіргі таңда компаниялардың бизнес процестерінің басым бөлігі ақпарат алаңында жүзеге асады. Азаматтардың көпшілігінің жұмысы мен жеке өмірінің ақпарат алаңына, электронды нұсқаға көшкеніне де бірталай уақыт болды. Сол себептен қазіргі таңда жеке мәліметтер мен корпоративтік желінің ақпараттық қауіпсіздігі саласына көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр.

«Клубтың кездесуі биыл Астанада алғаш рет өткізіліп отыр, бұған дейін жиындар Алматыда үш рет өткізілген болатын. Шараның негізгі мақсаты әлемдегі ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаңа тенденциялар туралы хабардар ету. Бұл өте маңызды, себебі Қазақстан ЭКСПО-2017 өткізуге дайындалуда», - деді «RISSPA» қауымдастығының президенті  Евгений Климов.

Сарапшының айтуынша, көптеген компаниялар жаңа жүйелер енгізілгеннен кейін барлық процесстерді автоматтандыруға көшуде, осылайша хаккерлердің  жүйені бұзу мүмкіндіктері арта түсуде.

«Ақпараттық жүйе енгеннен кейін, оларды хакерлер ашып алуы мүмкін. Қауіпсіздікті сақтау маңызды, сондықтан қауіпсіздікке, осы саладағы мамандарға сұраныс арта береді деп ойлаймын. Мысалы, қазіргі таңда көптеген университеттерде мамандандырылған кафедралар көптеп ашылып жатыр», - деді Е. Климов.

Айта өтейік, CISO Club kz – АТ/Ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін басшыларға арналып құрылған клуб. Ол Қазақстанның жетекші компанияларының ақпараттық қауіпсіздігі саласындағы кәсіби мамандарға арналған бірегей алаң.

Индира Кауметова

 

 

Барлық жаңалықтар