Алматы әкімі қаланың жол инфрақұрылымы нысандарының құрылысымен танысты

4 Қараша, 2015 19:17
Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгін мегаполистің жол инфрақұрылымының құрылыстарында болды. Қала басшысы негізгі көшелердің бірінің үңгіленуін, саланып жатқан жер үсті жүргінші жолын, жолайрығын көріп, асфальбетон өндіретін зауытты аралады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкім Төле би көшесінің үңгіленуімен, Қайырбеков көшесінен Шығыс Алматы айналма жолына дейінгі жолайрығының құрылыс барысымен танысты. Бұл көлік торабы Әл-Фараби даңғылы мен Төле би көшесін байланыстырады, мұнда тәулігіне 186 мың көлік жүреді деп жоспарланған. Нысан 2016 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Қала басшысы Орталық мәдениет және демалыс саябағына баруды қауіпсіз ету мақсатында жер үсті жүргінші жолын үнемделген қаржы есебінен салуды тапсырды.

Бұдан соң Б.Байбек Бөкейханов мен Солтүстік айналым көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрығында болды. Солтүстік айналым көшесі қаланың маңызды күре жолдарының бірі, оның 10 жолағы бар, оның екеуі қоғамдық көлікке, төртеуі жергілікті көлікке, қалған төртеуі транзитті көлік қозғалысына арналған. Әкім құрылыс кезінде мұнда көлік қоғалысын тоқтатпауды, жұмыстың дер кезінде және сапалы атқарылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Нысан құрылысы 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс.

Қала басшысы Рысқұлов пен Сайын көшелерінің бойына салынып жатқан жолайрығында да болды. Оның құрылысы 2016 жылдың қазан айында бітуі тиіс. Сайын көшесін үңгілеу арқылы Ақын Сара көшесінің бойына дейін жол айрығын салу әр бағыт бойынша тәулігіне 125 мыңға дейінгі көлік қозғалысын қамтамасыз етпек.

Б.Байбек Үлкен Алматы каналы маңында салынып жатқан әрі Солтүстік айналым көшесі мен Момышұлы көшесін байланыстыратын жол құрылысын да аралады. Бұл учаске биылғы жылдың желтоқсан айында іске қосылатын болады.

Жұмыс сапарының соңында әкім мегаполистегі «Асфальтобетон №1»ЖШС-те болды, ол Қазақстандағы жол-құрылыс материалдарын шығаруда көшбасшы. Зауытта асфальтобетон, бетон қосындылары, битум мен битум эмульсиялары шығарылады. Биыл зауыт жаңа қондырғылар орнатқан еді, соның арқасында жоғары сапалы асфальтобетон өнімдері шығарылуда.

 

 

 

Барлық жаңалықтар