• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Шабыт» XVIII халықаралық жастар фестивалі аясында Ел Президентінің кубогінің иегері атануға 400-ге жуық үміткер қатысып жатыр

«Шабыт» XVIII халықаралық жастар фестивалі аясында Ел Президентінің кубогінің иегері атануға 400-ге жуық үміткер қатысып жатыр

4 Қараша, 2015 11:18
Астанада «Шабыт» XVIII халықаралық жастар фестивалі басталды. Биылғы жылы Ел Президентінің кубогінің иегері атануға 388 үміткер қатысып жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева айтты.

 «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалін кезінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков және оның орынбасары Төлеген Мұхамеджанов қолдаған болатын. Міне, содан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр. Биыл осымен 18-ші рет өткізіп отырмыз. Жыл сайын үміткерлердің саны артып келеді. Биыл Ел Президентінің кубогін иеленуге 388 үміткер өтініш берген. Сонымен қатар бас жүлдеге 250 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық ұсынылмақ. Алтын медаль иегері 200 мың теңгеден, күміс жүлде – 150 мың теңге және қола жүлде иегері 100 мың теңгеден алады», – дейді А. Мұсақожаева.

Оның айтуынша, биылғы фестивальде жаңа аталымдар қосылған. 

«Жыл сайын аталымдар өзгеріп отырады. Биылғы фестивальдің жаңалығы – «Спорттық бал биі» аталымы енгізілді. Бұл аталымға қатысуға ондаған мықты жұптар ниет білдірді. Үміткерлердің билеу қабілетін Қазақстан, Италия, Польша, Литва, Ресейдің халықаралық дәрежедегі төрешілері бағалайды.Сонымен қатар «классикалық музыка» (скрипка, альт, виолончель, контрабас, вокал, фортепиано), «бейнелеу өнері» (мүсін, сәндік қолданбалы өнер), «халық музыкасы» (домбыра, домбырамен ән салу) және «цирктік өнер» секілді аталымдары жаңадан қосылды», – дейді Айман Қожабекқызы. 

«Домбыра» аталымында әділқазы төрағасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Айтқали Жайымов.

Цирк өнерін таныстыратын үмірткерлерді Астана циркі директоры Ерік Жолжақсынов, Саха Республикасы циркінің директоры Сергей Расторгуев, Алматы қалалық қазақ циркінің директоры Дәулет Досбатыров сынды өнер тарландары бағалайды.

«Академиялық ән салу» номинациясында әділ-қазылар алқасының төрағасы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Қанат Омарбаев болады. Сонымен қатар, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Түркия мен Италияның Мемлекеттік операсының жеке ән салушысы Седа Ортач, Минскіден келген өнертану докторы Екатерина Дулова, Иерусалим музыка Академиясының кларнет класы бойынша профессоры, Израиль опреасы оркестрінің бірінші кларнеті Михаил Гурфинкель, Иерусалим симфониялық оркестрінің бас директоры Яир Стерн сынды шақырылған қонақтар әділқазылар алқасына мүше ретінде кірді.

Фестивальдің ең үздік скрипкашысын Қазақ ұлтық өнер университетінің ректоры, Қазақстан еңбек ері - Айман Мұсаходжаева, Г. Исакадзе — Шпильман (Германия) Музыкалық академиясының құрметті жетекшісі Лиана Исакадзе, Эстония Музыка академиясы мен Хельсинки Сибелиус академиясының профессоры Мари Тамперс-Безродная және тағы басқалар анықтайтын болады.

Бас жеңімпаз Ел Президентінің кубогы және 250 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтың иегері атанады. Алтын медаль иегерлері 200 мың теңгеден, күміс жүлде — 150 мың теңге және қола жүлде иегерлері - 100 мың теңгеден алады.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар