Сарапшылар Қазақстандағы пробация институтының даму әлеуетін талқылады

3 Қараша, 2015 18:31
Сарапшылар Қазақстандағы пробация институтының даму әлеуетін талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспарының 33-ші қадамы шеңберінде Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен және Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасымен (PRI) бірлесіп Қазақстан Республикасындағы пробация қызметін одан әрі дамыту мәселелері бойынша сараптамалық кездесу өткізді.

Басқосуды Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова жүргізіп отырды. Пробация қызметі Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне пробация қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заңына сәйкес 2012 жылғы ақпан айында құрылған.

Жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерінде сотталғандардың бостандығын шектеуге, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға қатысты пробациялық бақылау белгілеу және сот оларға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеген босатылған адамдардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсету көзделген.

 Әлемдік тәжірибеде пробацияның төрт (сотқа дейінгі, шарттық-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық) сатысының бар екендігін атап өту керек. Бүгінгі күні Қазақстанда пробацияның шарттық-үкімдік және постпенитенциарлық сатысы жұмыс істейді. Бұл іс-шара Қазақстандағы пробация институтын дамытудың перспективасы туралы және пробацияның барлық сатысы көзделетін «Пробация туралы» дербес заңды әзірлеу туралы мәселелерді талқылау үшін өткізілді.

Басқосудың бастамашысы: ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мен Халықаралық түрме реформасы ұйымының өкілдігі.

Сараптамалық кездесуге Парламент депутаттары, Жоғарғы Соттың, Бас Прокуратураның, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
 

Барлық жаңалықтар