Сенат Комитеті Еңбек кодексіне енген өзгерістерді қарады

3 Қараша, 2015 17:26
Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылымкомитетінің кеңейтілген отырысында Еңбек кодексінің жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

«Еңбек кодексі жобасы еңбек шарттарын жасасу, жұмыскерлердің барлық санаттарына сынақ мерзімін белгілеу, жұмыскерлерді кадрлық тұрғыдан ауыстыру бөлігінде еңбек заңнамасының икемділігін күшейтуді көздейді. Бұл құжатпен жұмыс берушінің тарапынан еңбек келісімін тоқтатуға қатысты негіздер қатары кеңейтіледі, дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарды, жастарды қоса алғанда, жұмыскерлердің жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге кешенді қадамдар енгізіледі. Дуальдық оқыту, жұмыскерді басқа заңды тұлғаға іссапарға жіберу жөніндегі нормаларын енгізу көзделеді», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Қоғамдық бақылау саласын күшейту мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер тарапынан кәсіподақ ұсынатын жұмыскерлер қатарынан техникалық инспекторлар институтын енгізу ұсынылады. Жұмыскерлер үшін жасалатын ұжымдық шарттар және келісімдер арқылы кеңейту мүмкіндігі бар базалық еңбек кепілдіктері мен құқықтар бекітіледі.

Еңбекті реттеу жөніндегі заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және 6 заңға еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеуді кеңейту, сондай-ақ жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы үшін жауаптылығын регламенттеу бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

 Адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жібергені, ұжымдық шарт жасасу жөніндегі талаптарды, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық күшейеді. Заң жобасының жекелеген ережелері бірінші және екінші топтардағы мүгедектердің жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ жұмыскерлердің өндірістік жарақаттануы мен кәсіптік ауруының алдын алуға бағытталған. Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Бұдан бөлек, кодекс жобасында бір жағынан жұмыс берушілер үшін белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық жылжу, жұмыстан босату, қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеу рәсімдері жеңілдетілген. Екінші жағынан қызметкерлердің базалық еңбек мүмкіндіктері мен құқықтары белгіленіп, жеке ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту көзделеді. Осылайша, өз дәрежесінде дамымай келген келісімдер мен ұжымдық шарттар рөлін көтеру қарастырылады.

 «Біз осы кезге дейін қолданыста болған «Көші-қон туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Ал бұл құжат 1997 жылы қабылданған болатын. Жаңа редакцияланған заң жобасы елімізге шетелдерден келетін этникалық қазақтар үшін өте тиімді болмақ. Себебі, қазірдің өзінде Қазақстанда азаматтық алу үшін ықтияр хатпен жүрген 57 мың шеттен келген отандасымыз бірден азаматтық алады. Олар қазіргі қолданыстағы заң талаптары бойынша, тиісті құжаттарын тапсырып, азаматтық алу үшін 4 жылдық мерзімнің орындалуын күтіп жүр. Ендігі жерде жаңа заңымыз күшіне енген жағдайда, олар бірден азаматтық алатын жандар санатына жатқызылады. Яғни, олардың «ескі» заңның «4 жылдық мерзімін» күту талабын орындауы шарт емес», - дейді Біржан Бидайбекұлы.

 Айта кетейік, жуырда ғана Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобасын, Парламент Сенатындағы комитет депутаттары жан-жақты талқылап, Сенаттың Кеңейтілген отырысына шығаруға арнайы қаулы қабылдады. Ал Кеңейтілген отырыста қолдау тапқан заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюуына жіберіледі.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар