• Басты
  • Жаңалықтар
  • Павлодар облысының өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестиция 163,2 млрд теңгені құрады

Павлодар облысының өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестиция 163,2 млрд теңгені құрады

3 Қараша, 2015 18:14
Ағымдағы жылы өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі екі есеге өсіп, 163,2 млрд. теңгені құрады, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Өңдеу саласында металлургиялық өнеркәсіптің (70,0%) және басқа да көлік құралдар өндірісінің (8,6%) алатын орны бөлек. Басқа секторлар 18%-ды құрайды.

2015 жылы сыртқы инвестиция көлемі 1,5 еседен астам өсіп, 121,5 млрд. теңгені құрады, бұл аймағымызды Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарынан кейін 3 орынға қойды.

Жалпы, статистикалық мәліметтер бойынша 2015 жылғы 9 ай ішінде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 293,3 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне өсім 37,2%-ды құрады. Осы көрсеткіш бойынша облыстар рейтингілерінде өңіріміз 6 орында тұр. Оның ішінде бюджеттік қаражат үлесі 16,5%-ды, меншік қаражат – 39,7%-ды және  заемдық қаражат 43,8%-ды құрады. Осылайша, негізгі капиталға құйылған инвестициялардың бюджеттен тыс көздері 83,5 %-ды немесе 245 млрд. теңгені құрап отыр.

Қалалар мен аудандар арасында негізгі капиталға салынған инвестицияның қомақты үлесі Екібастұзда - 59% немесе 172,8 млрд. теңге (Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты, Проммашкомплект, ГРЭС – 1), Павлодар - 27,5% немесе 80,8 млрд.теңге (ПМХЗ, Павлодарэнерго, УПНК –ПВ, Нефтехим LTD) және Ақсу - 7,5% немесе 22,1 млрд.теңге (ЕЭК) және облыс аудандары - 6% немесе 17,6 млрд.теңге.

Облыс аудандары бойынша инвестицияның барынша көп үлесі Павлодар, Качир аудандарына, барынша аз үлесі – Лебяжі, Ақтоғай, Успен және Шарбақты аудандарына тиесілі.

«СибИнвестГруп» (Новосібір қ., РФ) холдингінің актокөліктерге арналған алюминий дискілер шығаратын зауыттың құрылыс жобасы және «TENIR-LOGISTIC» ЖШС-нің (ҚХР-дің қатысуымен) Павлодар облысы аумағында химия-металлургиялық кешен құру жөніндегі жобасы өнеркәсіпті дамытуға құйылатын инвестицияның қосымша көздері болмақ. Аталып өткен жобалар инвестициясының жалпы көлемі 500,0 млн. долларға жуық қаражатты құрайды.

Қазақстан-қытайлық үкіметаралық отырыстар шеңберінде электролиз өндірісін кеңейту және Ақсу қаласындағы 2 энергоблок құрылысы жөніндегі 2 инвестициялық жобаны іске асыру мәселесі пысықталу үстінде. Бұл реттегі инвестиция көлемі - 2 млрд. АҚШ доллары.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы қыркүйекте ҚХР-ге жасаған мемлекеттік сапары барысында Eurasian Resources Group және Қытай Мемлекеттік даму банкі арасында аталған жобаларды қаржыландыру жөніндегі шектелмелі келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ жақында Италияның Сауда-өнеркәсіптік палатасымен бизнес-форум ұйымдастыру және Қазақстанның Польшадағы Елшілігімен алюминий өңдеу жағынан польшалық көшбасшы компаниялардың бірін  шақыру бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Қазақстан-қытайлық жобалар бойынша жұмыс өз жалғасын табады.

 

 

Барлық жаңалықтар