ҚР-да оралмандардың азаматтық алуы 3 айға дейін қысқаруы мүмкін

3 Қараша, 2015 13:41
ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

«Заң жобасында этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ынталандыру шаралары қарастырылған. Мәселен, осы мақсатта заң жобасымен шет елден келетін этникалық қандастардың қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қарағанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда оралмандарға жағдайлар жасалады», - деді қ\ҚР денсаулық сқатау және әлеуемттік даму вице-министрі Біржан Нұнрымбетов заң жобасын таныстыру барысында.

Оның айтуныша, жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберіндегі этникалық қазақтар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакеттер қамтылатын болады.

«Мұндай әлеуметтік көмектер еліміздің бір өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңіріне қоныстанған оралмандар үшін де беріледі. Ал алғашқы қоныстанған, яғни Үкімет айқындаған өңірінен бес жыл мерзімінен бұрын өз бетінше көшіп-қонып, қоныс аударып кеткендер, Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқандар өздері алған мемлекеттік қолдауларды қайтаратын болады. Сонымен қатар, оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделеді», - деді вице министр.

Айта өтейік, Қазақстанға тәуелсіздік жылдары 955 мыңнан астам этникалық қазақтар қайта оралды, олардың 6%-ы Өзбекстаннан, 14%-ға жуығы ҚХР-дан, 9,3%-ы  Моңғолиядан келгендер.

Заң жобасы алдағы уақытта Сенаттың жалпы отырысына шығарылатын болады.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар