ҚР БҒМ Зоология институтына бүркіттің 4 балапаны тапсырылды

2 Қараша, 2015 19:28
Алматыда «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағында өсірілген бүркіт балапандары ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Зоология институтына кезекті рет тапсырылды, деп хабарлады Қазақстандық баспасөз клубы.

2012 жылдың шілдесінде Зоология институтының ғалымдары және «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағының қызметкерлері бүркіттерді жабайы табиғат аясына жіберу бойынша бірегей ғылыми экспериментті өткізу туралы шешім қабылдады.

Қазақстан мен ТМД елдері аумағында мұндай тәжірибелер бұрын соңды болмаған. Аталмыш бастама Қызыл кітапқа енгізілген бүркіттердің санын сақтап қалу және қалпына келтіруге қызмет етуі тиіс. «Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақтап қал» жобасы аясында өткізілген зерттеу мәліметтері бойынша қанаттылар саны шамамен 2 мыңға жуықтайды, ал бұл популяцияны сақтап қалу үшін және оны дамыту үшін жеткіліксіз.

Зоология институтының ғалымдары қорық қызметкерлерімен бірге құстарды табиғатқа жіберудің екі жолын пайдаланады. Біріншісі – балапандары бар бүркіт ұясына балапандарды қондыру. Екіншісі – бейімделген балапандарды табиғат ортасына жіберу. Бүгін төрт жас бүркіт еркіндікке жіберілетін болады, олар дүниеге келе сала тормен жабылған арнайы орындарда өз азығын дербес іздеуге үйреніп, жабайы табиғатта өсірілген.

«Жобаның жұмыс жасаған төрт жылы ішінде осындай тәсілмен бүркіттердің популяциясын жасанды жолмен көбейтуге болатыны анықталды. Сонымен қатар, мұндай бастама жұртшылықтың назарын сирек құстар мен жануарлардың азаю мәселесіне аударуға мүмкіндік береді. «Эфес Қазақстан» компаниясы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікке үлкен мән беретіндіктен, біз бұл жобаға ары қарай да қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Біздің ұлттық табиғи брендімізге айналған бүркіттерді сақтап, олардың ары қарай да Қазақстанның мақтанышы және ұлттық нышаны болғанын қалаймыз», - деп атап өтті «Эфес Қазақстан» ШС АҚ Корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев.

Барлық жаңалықтар