• Басты
  • Жаңалықтар
  • ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға украин технологиясы енгізіледі

ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға украин технологиясы енгізіледі

2 Қараша, 2015 11:57
ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығы Украин технологиясы бойынша дамитын болады. Бұл туралы Украин делегациясының Оңтүстік Қазақстанға жасаған сапары кезінде белгілі болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аталған елдің «Dairy Global Experts», «АгроКлимат Украина», сондай-ақ, Украинаның Голштинский қауымдастығы мен Сүт өндірушілер қауымдастығы сынды ірі ұйымдарынан келген мамандар оңтүстікқазақстандық сала жетекшілерімен тәжірибе алмасып, жаңа технологияны қолданысқа енгізудің тетіктерін қарастырды.

Мұнан бөлек, кездесуде тауарлы-сүт фермаларының бірыңғай орталығы мен шаруаларды жергілікті асыл тұқымды ірі қаралармен қамтамасыз ететін кешеннің жұмысын жүйелеуге бағытталған кеңес беру орталығын ашу мәселесі де қаралды.

Сондай-ақ, ұжымдық үлгідегі отбасылық шаруашылықтарда сүтті бағытты дамытудың механизмдері талқыланды. Іс-шара барысында делегаттар «Максимум» АИО-ның ұйымдастыруымен өткен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы семинар кеңеске қатысты. ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту тақырыбына арналған жиында украиндық мамандар тауарлы-сүт фермаларын құру мен оны дамытудың қыр-сырымен бөлісті.

 Жиын соңында сүт шаруашылығы саласындағы әлеуетті жобаларды жүзеге асыру бойынша «Максимум» АИО және «ҚазАгроҚаржы» АҚ компанияларымен бірлесіп жұмыс жасау жолдары талқыланды.

 

Барлық жаңалықтар