Ақтөбеде жаңа жол өтпесі ашылды

2 Қараша, 2013 14:04
Кеше, 1 қарашада 11 ықшам ауданда жаңа жол өтпесінің салтанатты ашылу рәсімі болды, деп Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы хабарлады.

«Эстакадалық типтегі темір-бетон жол өтпесі теміржол үстінен өтеді. Оның ұзындығы 550 метр, ені 21 метр құрайды. 4 жолақты жүретін жолдың ені 17 метр, екі жағындағы жаяу жүргіншілер бөлігінің ені 1,5 метрден құрайды. Жол өтпесіне шуды оқшаулайтын экрандар қойылған. Жол өтпесінің жалпы құны 3,9 млрд.теңге құрады. Бұл құнға инженерлік желілерді көшіру мен құрылыстарды бұзу жұмыстары кіргізілген. Құрылыс кезінде ақтөбелік құрылыс индустриясы кәсіпорындарының өнімдері қолданылған», деп хабарламада нақтыланған.

Жол өтпесі бойымен қозғалысты қамтамасыз ету үшін 2013 жылы Әкімжанов, Смағұлов, Әз Наурыз, Некрасов көшелерін күрделі жөндеу, 312 атқыштар дивизиясы даңғылы учаскесін Ломоносов көшесіне дейін, Шернияз көшесін Некрасов көшесінен Асау-Барақ көшесіне кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Жол өтпесі облыс орталығындағы көлік ағынының бағытын өзгертуге және негізгі қалалық магистралдарға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

 

 

Барлық жаңалықтар