2014 жылы Алматыда тау шаңғысы туризмінің колледжі ашылады

1 Қараша, 2013 12:21
Мемлекет басшысының Алматы айналасына әлемдік дәрежедегі тау шаңғысы курортын құру тапсырмасы бойынша тау шаңғысы туризмі мамандарын дайындайтын колледж ашу жоспарланып отыр, деп мәлімдеді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ отырысында.

«Мемлекет басшысы тау туризмін дамыту жөнінде тапсырма бергені анық. Алматының географиялық жағдайы мұндай мүмкіндікті бізге толықтай қамтамасыз етеді. Дүниежүзілік туристік ұйымдармен біріге отырып біз үш күндік семинар-жиын өткіздік. Оған ДТҰ бас хатшысы бастаған алдыңғы қатарлы мамандар келіп, қаламыздың мол мүмкіндікке ие екенін тілге тиек етті», - деді әкім.

Шара барысында Алматыдағы аймақтық кеңсе құру туралы келісімге қол жеткізілді.

«Сонымен қатар жаңа жылдан бастап бізде осы саланың мамандарын дайындайтын колледж ашылады. Қаланың орналасқан жері туризм саласының қарқын алуына толықтай мүмкіндік береді. Сол себепті туризмнің аталмыш бағытының дамытуға жағдай жасалған. Тек «Көк Жайлау» тау шаңғысы курортының өзінде 30 мыңдай жұмыс орны ашылмақ», - деп түйіндеді қала басшысы.

 

Барлық жаңалықтар