Сенат бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады

1 Қараша, 2013 08:33
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының кезекті отырысы болды, деп палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

 «Баршаңызды елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, тәжірибелі кәсіби маман ретінде жақсы білемін. Мемлекет Басшысының игі бастамаларын жүзеге асыруда зор еңбек сіңіріп жүрген сіздермен бірлесіп, Қазақстан дамуы жолында  аянбай қызмет ету ортақ парызымыз. Елбасы белгілеген биік межелерге қол жеткізуге бағытталған кең ауқымды, күрделі шараларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуде Парламент алдында аса жауапты міндеттер тұр», - деді Сенат Төрағасы.

Әсіресе, қазіргі кезде палата қарауына келіп түскен салық және бюджет қатынастарын жетілдіруге арналған заң жобаларын, сондай-ақ жаңа үш жылдық республикалық бюджет жобасын жан-жақты талқылап, мерзімінен кешіктірмей қабылдаудың маңызы айрықша атап өтілді. Қ.Тоқаев алда тұрған міндеттерді орындауда  Сенат депутаттары бірлесіп, нақты істерімен кәсіби шеберліктің айқын үлгісін көрсететініне сенім білдірді.

«Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар Психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеуден өткізу үшін беру туралы конвенцияны ратификациялады. Құжат мұндай адамдарды беру шарттары мен тәртібін, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының күшін жою және оларды өзгерту жөніндегі істерді соттарда қарау рәсімін реттейді. Конвенцияны ратификациялау Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің осы саладағы тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруы үшін қажетті халықаралық-құқықтық негізін қалайды», - деп хабарламада нақтыланған.

Сенаторлар сондай-ақ Азия Даму Банкімен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай Халық Республикасы» халықаралық транзит дәлізінің «Шымкент – Ташкент» автомобиль жолын жаңғыртуға қарыз жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады. Банк қаржыландыратын бөліктің ұзындығы 37 шақырымды құрайды. АДБ 125 миллион АҚШ доллары сомасындағы қарызды Қазақстанға береді. Қарызды өтеу мерзімі 4 жылдық жеңілдік кезеңді қосқанда, 16 жылды құрайды. Қазақстан үкіметінің қоса қаржыландыруы 22 миллион доллардан аспайды. Республикалық бюджет қаржысы құрылыс жұмыстарына, сондай-ақ салықтарды төлеуге жұмсалатын болады.

Депутаттар, сонымен бірге, «2008 жылғы 12 желтоқсандағы айрықша жағдайларда бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану шарттары мен тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Заң негізгі Хаттаманың ережелерін 2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы келісім ережелерімен сәйкестендіруді қарастырады. Хаттама Бірыңғай кедендік тарифтің мөлшерлемелерінен ерекшеленетін кедендік импорт баждарын біржақты тәртіппен қолданудың неғұрлым ұзақ мерзімдерін белгілеуге мүмкіндік береді.

Бұл заң жобасын қарау барысында Палата Төрағасы Қ.Тоқаев Үкімет баяндамашысына ескерту жасап, алдын ала болған келіссөздердің өте төмен кәсіби деңгейде жүргізілгенін атап өтті.

Палата сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялады. Келісімнің мақсаты – Тәжікстан Республикасына өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету болып отыр. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы егемендiкті және аймақтық тұтастықты қорғауды, қатысушы мемлекеттердiң ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты мақсат еткен Ұжымдық қауiпсiздiк шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер болып табылады. Тәжікстанға әскери-техникалық көмек көрсету Тәжікстан Республикасының Қарулы Күштерінің қалыптасуына жәрдемдесуге бағытталған, ол белгілі дәрежеде өңірлік және ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізетін болады.

 

 

 

Барлық жаңалықтар