• Басты
  • Астанада зергерлік бұйымдардың халықаралық көрмесі ашылды

Астанада зергерлік бұйымдардың халықаралық көрмесі ашылды

16 Қазан, 2015 19:37
Биылғы «Ару 2015» көрмесі балаларға арналған эксклюзивті зергерлік бұйымдармен ерекшеленді.

«Ару» – 2003 жылдан бері жыл сайын екі көрмеден өткізіліп тұратын Қазақстандағы мамандандырылған зергерлер көрмесінің жобасы. Көрменің бірі сәуір айында Алматыда, екіншісі қазанда Астанада ұйымдастырылып тұрады. Ол Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия аумағында өткізілетін жалғыз көрме болғандықтан жоғары сұранысқа ие. Мысалы, 2014 жылы аталмыш іс-шараға 20 мыңнан астам жеке және көтерме сатып алушы келсе, биылғы көрмеге Ресей, Украина, Германия, Армения, Грузия мен Қазақстанның зергерлік бұйым шығарушылары, 7 мемлекеттен барлығы 60 экспонент қатысып отыр. Әлемдегі сәнді, эксклюзивті бұйымдардың барлығын осы жерден табуға болады. Биылғы көрменің бір ерекшелігі, балаларға арналған алтын мен күмістен жасалған экслюзивті әшекейлер өте көп», - деді Мария Молдағалиева. 

Көрмеге көпшілік назарына алтын, ақ алтын, күмістен жасалған бұйымдар, бағалы және жартылай бағалы тастармен көмкерілген әшекейлер, сағаттар, бижутерия, кәдесыйлар, аксессуарлар, қобдишалар, зергердің қолымен жасалған асхана ыдыстары, әсемделген қару-жарақ, фурнитура, зергерлік бұйымдарды экспозициялауға, сатуға және сақтауға арналған қондырғылар мен жабдықтар ұсынылды. 

Көрменің мақсаты – суретшілер, зергерлер, өндірушілер, сатып алушылардың шығармашылық және іскерлік мүдделерін бір арнаға тоғыстыру және қазіргі зергерлік өнердің даму деңгейін көрсету. Зергерлік өнер көрмесі «Көрме» орталығында 16-18 қазан аралығында өтіп, үш күнге жалғасады.

«Әдемі-ай» өнер музейінің негізін 2011 жылы танымал коллекция жинаушы, өнертанушы Баһаргүл Төлеген қалаған. Бүгінгі таңда музей экспозициясының қоры мыңнан астам экспонаттардан тұрады. Олардың арасынан ж.с.д. І-ІІІ ғасырларға жататын Құшан патшалығына тән археологиялық жәдігерлерді және VI-ХII ғасырлардың тарихи бағалы туындыларды көруге болады.

«Біздің халқымыздың тарихы  тек қана жаугершілік  пен шапқыншылықтан тұрмағаны белгілі. Ежелгі көне тарихқа көз салсақ, рухани және мәдени бай жәдігерлеріміз сайрап жатыр. Бүгінгі көрменің де сондай бай тарихымызға тікелей байланысы бар. Біз өз тарихымызды түгендеген кезде осындай  жәдігерлердің әрбіріне мән беріп, оның құнын біліп жүруіміз қажет. Бүгінгі көрмені ұсынып отырған Баһаргүл Төлегенқызы ежелгі зергерлік бұйымдарды жинап қана қоймай, оны одан әрі дамытып, заман талабына сай өнер туындыларына айналдырып отыр. Мұндай іспен жүйелі түрде айналысу үшін білімнің сыртында қажырлылық пен қатар ұлтқа деген үлкен махаббат қажет. Мұндағы әшекей бұйымдардың ою-өрнек бедерлері барлық қазаққа ортақ мұра. Ол ою-өрнектерде ұлтымыздың философиялық ойлау жүйесі мен рухани деңгейінің биіктігін білдіретін астарлы сыр жатыр. Осындай қадірлі мұраны жинап, оны болашақ ұрпаққа ұсынып отырған Бахаргүл ханымның жұмысы үлкен сауапты іс деп білемін» – деді Ұлттық музейдің директоры Дархан МЫҢБАЙ.

Көрмеге 13 жылдан бері тарихи-мәдени құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді жандандырумен айналысып келе жатқан «Әдемі-ай» компаниясының Қазақ хандығының 550 жылдығына  арнайы дайындаған сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен ұлттық кәдесыйлары да қойылды.

Барлық әшекейлер қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты және тамыры мыңдаған жылдарға бойлайтын ұлттық мәдениеттің дамуын көрсетеді.

 «Бүгінгі көрме Қазақ хандығының 550 жылдығын ұлықтау мақсатында өткізіліп жатыр. Бұл көрме жиналған жұрттың назарына «Әдемі-ай» компаниясының мемлекет деңгейінде тойланып жатқан мерекеге арнайы  кәдесыйлар әзірлеуімен ерекшеленеді. Қазақ хандарының бейнесі бейнеленген кәдесыйлар жаны қазақ, қаны қазақ азаматтардың рухын асқақтатады, ұлттық намысы мен жігерін жаниды деген сенімдеміз. Көрмеге қойылған мыңнан артық коллекция тиісті бағасын алады деп үміттенеміз» – деді   «Әдемі-ай plus» ЖШС-ның бас директоры Баһаргүл Төлегенқызы.

 Көрме 13 қарашаға дейін жалғасады. 

 

Барлық жаңалықтар