• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2016 жылы ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы Қырғызстанда өтеді (ФОТО)

2016 жылы ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы Қырғызстанда өтеді (ФОТО)

16 Қазан, 2015 14:02
Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы Қырғызстанда өтеді. Бұл жөнінде ТМД мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев мәлімдеді.

«Шағын құрамда мемлекет басшылары Достастықтың өзекті проблемалары бойынша пікір алмасты. Одан кейін делегация басшылары бүгінгі отырыстың күн тәртібін бекітті. Сонымен қатар, шағын құрамда маңызды екі мәлімдеме қабылданды. Олар – БҰҰ-ның 70 жылдығына байланысты ТМД мемлекет басшыларының мәлімдемесі және Халықаралық лаңкестікпен күрес жөніндегі ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының мәлімдемесі. Сонымен қатар, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына 2016 жылы төрағалық ету мәселесі қаралды. Қырғыз Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша ТМД мемлекет басшыларының келесі отырысын 2016 жылдың 16 қыркүйегінде Қырғыз Республикасында өткізу туралы шешім қабылданды», – деді С.Лебедев. 

Еске сала кетейік, бүгін Бурабай демалыс аумағында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өз жұмысын бастады.

Индира Кауметова 

Суретке түсірген Азамат Әлиев

Барлық жаңалықтар