• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қарағанды облысының әкімі Корея елшісіне аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Қарағанды облысының әкімі Корея елшісіне аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

16 Қазан, 2015 19:52
Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чо Ёнгчонды қабылдады, деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.

Н. Әбдібеков қонаққа аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жергілікті мемлекеттік органдардың реформаларды жүзеге асыру туралы айтып берді.

Ол атап өткендей, Қарағанды облысы жоғары дамыған индустриалды аймақ ғана емес, сонымен қатар ірі мәдени және ғылыми орталықтардың бірі. Аймақта танымал Қарағанды мемлекеттік медициналық, техникалық университеттері мен заң институты бар.  Сонымен қатар, облыста 5 театр мен екі симфониялық оркестр жұмыс істейді.

Өңірде мыңдаған кәсіпорындар бар, оның ішінде 1500-ден астамы жеке инвесторлардың салымы бар бірлескен кәсіпорындар.

Олардың қатарында  кореялық капиталдың қатысы бар 7 бизнес құрылым бар. Олар тау кен өндірісі, көтерме және бөлшек сауда, жылжымайтын мүлікпен операция жасау салаларын қамтыған.

Жалпы, Қазақстан бойынша Оңтүстік Кореямен бірлескен 700-ден астам кәсіпорын бар, мысалы: «Samsung C&T», «LG Electronics», «LG Chem», «SK Corporation», «Hyundai», «POSCO» және т.б.

2011 жылы Елбасының жарлығына сәйкес аймаққа инвестиция тартуды арттыру мақсатында өңірімізде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақ құрылды. Қазіргі таңда аталған аймақтың аумағында кореялық капиталдың қатысуымен «Hyunwoo Central Asia»ЖШС қапталған құбырлар мен қалыпқа құйылған өнімдер өндірісі бойынша зауыттың құрылысы жобасын  жүзеге асыруда.

«Өңіріміздің жайлы инвестициялық климаты, бай шикізат базасы, географиялық орны эканомикамызға инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауда. Алдағы уақытта экономиканың барлық салаларында және гуманитарлық салада ұзақмерзімді табысты серіктестік орнатамыз деген үміттемін», - деп түйді облыс әкімі.

Барлық жаңалықтар