• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мәжілісте «Нұрлы жол» және «Бір белдеу-бір жол» бағдарламаларының жүзеге асуы талқыланды

Мәжілісте «Нұрлы жол» және «Бір белдеу-бір жол» бағдарламаларының жүзеге асуы талқыланды

15 Қазан, 2015 17:54
Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары С. Дьяченко Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Сыртқы істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Ван Гоцин бастаған қытайлық делегация өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Кездесу кезінде Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси өзара іс-қимылды тереңдету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, парламентаралық байланысты нығайту, мәдени қатынасты күшейту, сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық және аймақтық деңгейдегі маңызды мәселелер  әңгіме өзегіне айналды.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Қытай басшыларының салиқалы саясатының арқасында жыл сайын нығайып келе жатқан достық, әріптестік, тату көршілік қарым-қатынасты алға тарта келіп, Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» бағдарламасы мен КХР Төрағасының «Бір белдеу-бір жол» бастамасы ұзақмерзімді өзара ортақ іс-қимылдың жарқын көрінісіне айналғанын, оның табысты жүзеге асырылуы екі ел дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы орынбасарының  пікірінше, трансшекаралық су ресурстары саласындағы ықпалдастық та екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыттарының бірі.

С. Дьяченко меймандарды Мәжілістің тыныс-тіршілігімен таныстыра келіп, Елбасының бес институтционалды реформаларын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жөнінде, оны заңнамалық қолдау жұмыстары жайында кеңінен әңгімеледі.

Өз кезегінде Ван Гоцин қос мемлекеттің дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 23 жыл ішінде тату көршілік сипатына сызат түсірмей, керісінше жыл сайын тереңдеп келе жатқанын, әсіресе АӨСШК, ШЫҰ сынды басқа да халықаралық ұйымдар аясында Қазақстан мен Қытай елдері ықпалдастығының арта түскенін жеткізді. Осыдан 12 жыл бұрын Қазақстанға тұңғыш рет іс-сапармен келген мәртебелі мейман біздің еліміздің даму қарқыны таңқалдырғанын айтып, болашақта да толағай табыстар тіледі.

С.Дьяченко мен В. Гоциннің ортақ пікіріне сүйенсек, осы тектес іс-сапарлар біздің мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі күшейте түседі.

Кездесуге сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары М. Әшімбаев, В. Косарев, К. Бұрханов қатысты.

 

   

Барлық жаңалықтар