• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі өзгереді

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі өзгереді

14 Қазан, 2015 11:43
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында палата депутаттары екінші оқылымда Елбасының 2014 жылғы 4 мамырдағы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын мақұлдады.

Заң жобасы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және көші-қон үрдістерін реттеу мақсатында әлеуметтік-еңбек қатынастарын жаңғыртуға бағытталған.

Заң жобасы келесі мәселелерді қарастырады:Шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты (ШЖК):Елге жұмысқа орналасу үшін келетін шетелдіктерге жұмыс берушілер тарапынан ШЖК тарту рәсімін ырықтандыру, шетелдік жоғары білікті мамандардың еркін нарығын құру арқылы экономикадағы кадрлар қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған жүйелі шараларын енгізу.

«Осылайша: біріншіден, жұмыс берушілерге рұқсаттама беру идеологиясы түбегейлі қайта қаралды. Енді алымдар ел бюджетіне өндірілетін болады. Ол мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға, оны аймақтардың әлеуметтік және экономикалық дамуына бағыттауға мүмкіндік береді.Екіншіден, Қазақстанға келетін шетелдік мамандар экономиканың басым салаларында талап етілген мамандықтар тізбесі бойынша біліктілігінің сәйкестігі туралы 3 ай ішінде берілетін анықтама негізінде кез келген жұмыс орнына мамандығы бойынша орналасуына мүмкіндік алады.Шетелдік маман оның білім деңгейін, жұмыс өтілін, практикалық тәжирибесін және де өзге де біліктілігін растайтын параметрлерін айқындайтын балдық жүйе арқылы бағаланатын болады.Үшіншіден, ішкі корпоративтік ауыстыру процедурасын жетілдіру қарастырылып отыр. Мұндай шетелдік жұмыс күшін тарту тәсілі жалпыға бірдей әлемдік стандарттарға, Дүниежүзілік сауда Ұйымының талаптарына сәйкестендірілетін болады», - деді Мәжіліс депутаты Гүлнар Сейтмағанбетова.

Сондай-ақ, аталған жаңалықтарды іске асыруға бағытталған ақпараттық-сараптамалық жүйені құру жоспарланып отыр. Ол жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін айтарлықтай жеңілдетіп, рұқсаттама беру процедураларын біршама жылдамдататын болады. Егер аталған шаралар қазіргі таңда 30-40 күнге созылса, ұсынылып отырған тәртіп бойынша орта есеппен 5 күнге дейін қысқаратын болады.

Шетелдік жұмыс күшін тарту, өз бетінше жұмысқа орналасу мен ішкі корпоративтік ауыстыру тәртібін өзгерту 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарастырылып отыр.

Ішкі көші-қон саласындағы негізгі мәселе – республика аумағындағы әсіресе оңтүстік пен солтүстік арасындағы халықтын орналасу диспропорциясы болып табылады. Аталған мәселені шешу үшін жұмыс күші көп өңірлерден Үкімет айқындаған өңірлерге көшкен тұлғаларға көмек көрсету ұсынылады. Олар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беру, шағын несиелер беруді қамтамасыз ететін әлеуметтік пакет қарастырылатын болады.

Білім беру инфрақұрылымдарын жетілдіру шаралары аясында Үкімет айқындаған өңірлерде жоғарғы оқу орындары мен колледждерде оқу орындарын көбейтіп, жатақханалардағы орын санын ұлғайтып, оларды жаңғыртып, ауыл жастары үшін солтүстік өңірлердегі ЖОО мен колледждерде оқуға арналған арнайы гранттарды ұйымдастыру ұсынылады.

Мүгедектерге арналған жұмыс орындары квотасының сараланған мөлшерін жалпы жұмысшылар санына байланысты 2 пайыздан 4 пайызға дейінгі мөлшерде белгілеу нормалары енгізілді. Бұл ретте мүгедектерді жұмысқа орналастыру мақсатында мемлекет тарапынан жұмыс берушілер шығындарын субсидиялау арқылы тиісті жабдықталған жұмыс орындары құрылатын болады (бүгінгі күнге дейін тәжіриебе мұндай болмаған).

Сондай-ақ, жұмыспен қамту органдары функцияларының қосарланушылығын болдырмау мақсатында олардың құзыреті қайта қаралды. Халықты жұмыспен қамту орталықтарына бірқатар функциялар, оның ішінде: жұмыссыздарды тіркеу, оларға кәсіби оқу, жұмысқа орналасу үшін жолдамалар беру, тіркелген жұмыссыздарға тиісті анықтама беру, сондай-ақ еңбек нарығы жөнінде деректер қорын жаңарту міндеттерін беру көзделеді.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар