Қазақстан Елшісі Мьянма Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

13 Қазан, 2015 19:51
Нейпьидо қаласында (Мьянма) Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марат Есенбаев Мьянма Одағы Республикасының Президенті Тейн Сейнге Қазақстанның Мьянмадағы Елшісі міндетін қоса атқарушысы ретінде сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Ресми рәсімі барысында М. Есенбаев Мьянма Президентіне Қазақстанның қазіргі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, сонымен қатар «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» бағдарламасы шеңберіндегі ел болашағы туралы хабарлады.

Мьянма Президенті екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту және Қазақстан мен Мьянма арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамыту маңыздылығын атап өтті.

Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілектерін білдіріп, Қазақстанның Мьянмадағы алғашқы Елшісін тағайындауы екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге қолғабыс ететініне сендірді.

М. Есенбаев Мьянмаға сапары шеңберінде Энергетика министрі Зей Яр Аун және Қонақүйлер мен туризм министрі Хтай Аунмен де кездесті. Тараптар энергетика мен туризм саласындағы ағымдағы жағдайы және әрекеттестік болашағын талқылады.

Барлық жаңалықтар