Сенатта «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасы қаралды

13 Қазан, 2015 17:26
Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы қаралды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Қоғамдық кеңестер екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады. Заң жобасында Қоғамдық кеңесті қалыптастыру тәртібі мен оның сандық құрамы, сондай-ақ оның мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптары туралы ережелер көзделген.

 Қабылданатын ережелер мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдеріне азаматтық қоғам институттарын кеңінен қатыстыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық сараптама, мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау секілді қоғамдық бақылау түрлерін реттейді.

 Одан басқа, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы қаралды. Бюджет кодексіне және бірқатар заңдарға енгізілетін өзгерістер «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты мәселелерді реттейді.

 

Барлық жаңалықтар