Сенатта жергілікті полиция қызметіне қатысты заң жобасы қаралды

12 Қазан, 2015 20:23
ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады ҚР Сенаты.

Заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлт жоспары бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 30 және 31 қадамдарын орындау мақсатында әзірленген. Бұл ретте Елбасы жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру керектігі туралы тапсырма жүктеген болатын. Осыған орай, жергілікті полиция құру Ішкі істер органын оңтайландыру жолымен жүзеге асады, оның құрылымына учаскелік инспекторлар, жол полициясы қызметкерлері, өңірлік және табиғатты қорғау, сонымен бірге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері біріктіріледі. Тұжырымдамаға сәйкес, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органының бірыңғай жүйесіне құрылымды түрде енетін болады.

Құжаттағы жаңалықтардың бірі жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындауға кандидатты Ішкі істер министрі облыс әкіміне ұсынып, оған мәслихат депутаттары келісімін беретін болады. Заң жобасымен жергілікті полиция қызметі басшысының жергілікті қауымдастыққа есептілігі де қамтылып отыр. 

Құжат  палатаның қарауына жіберілді. 

Барлық жаңалықтар