• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстандық дипломаттар Вьетнамның бизнес қоғамдастығының өкілдеріне семинар өткізді

Қазақстандық дипломаттар Вьетнамның бизнес қоғамдастығының өкілдеріне семинар өткізді

8 Қазан, 2015 19:37
Ханой қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігі Вьетнамның Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп Қазақстанмен әлеуетті ынтымақтастықтың түрлі салаларын қамтитын Вьетнамның ірі кәсіпорындар мен компанияларының басшыларына бизнес-семинар өткізді, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Семинар 2015 жылғы 22-23 қазанда Астана қаласында өтетін Қазақстан-вьетнам сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті 7-ші отырысының қарсаңында ұйымдастырылды.

Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Бекетжан Жұмаханов іс-шарада сөз сөйлеуі барысында екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуының жағымды динамикасын атап кетті. Семинардың қатысушылары еліміздегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша Қазақстан үкіметінің қабылдап жатқан шаралары туралы ақпаратпен таныстырылды.

Қазақстандық дипломаттардың баяндамаларында 2015 жылғы 29 мамырда Бұрабайда қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасындағы Еркін сауда аймағы туралы келісімнің күшіне енуінен бастап ашылатын көпжақты ынтымақтастықтың келешегіне ерекше көңіл бөлінді. Аталған құжат өзара сауданы өсіруге, инвестицияларды тартуға және өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты дамытуға барлық қажет жағдайларды жасайды.

Сонымен қатар, вьетнамдық кәсіпкерлер Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының негізгі ережелерімен, «Жаңа Жібек жолы» көліктік-логистикалық жобаны іске асыруының келешегімен, Еуразиялық аймақты Азия-Тынық мұхит бассейні мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланыстыратын көліктік дәліздермен таныстырылды.

Осы ретте Еуразиялық материктің ортасындағы Қазақстанның ұтымды географиялық орналасуы вьетнамдық бизнес өкілдеріне аталған артықшылықты ЕАЭО елдерінің нарығында ынтымақтасу және сауда-саттық жүргізу үшін пайдалануға мүмкіншілік береді.

Вьетнамның Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Доан Зуй Хыонгтың айтуынша, вьетнамдық тарап Қазақстанмен ынтымақтасуға үлкен маңыз береді, сондай-ақ алдағы Үкіметаралық комиссия отырысының жұмысына қатысу үшін бизнес-делегация жолдайды. Отырыс шеңберінде екі ел Сауда-өнеркәсіп палаталары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жәнеекіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылау үшін потенциалдық қазақстандық серіктестермен кездесулер өткізу жоспарлануда.

 

Барлық жаңалықтар