Ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке тапсырылады

8 Қазан, 2015 13:41
Бүгін Парламент Сенаты «ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды.

«Қазіргі күні еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 97,4 млн гектары немесе 98,8 пайызы ұзақмерзімді жалдауда болса, тек 1,2 пайызы ғана жеке меншікте. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер нарықтық айналымға тартылмаған күйінде қалып отыр», - деді министр. 

Осыған байланысты заң жобасының негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жерлерді ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте жерлерді жеке меншікке табыстаудың жаңа тетіктерін енгізу қарастырылады.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатында жерді тиімді пайдалану үшін оны аукцион арқылы жеке меншікке сату көзделеді. Бұл ретте мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншіктік құқықпен аукцион арқылы кезеңдер бойынша берілмек. 

«Бұл ретте, бірінші кезекте жер учаскесінің кадастрлық құнын арттыруды көздейтін аукцион арқылы сатылады. Осыған байланысты ағылшындық әдіспен болатын екі аукцион арқылы учаске сатылмаса, онда ол енді жер учаскесінің кадастрлық құнының елу пайызына төмендетілетін аукционға қойылатын болады. Бұл жердің толыққанды нарықтық құралға айналуына және ауыл шаруашылығының өтімді активі болуына жол ашады», - деп түсіндірді министр Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, жалға берілген жер учаскелерін сатып алу бойынша жеңілдік шарттары да қарастырылады әрі бұл норма бүгінгі жалға алушылардың мүддесіне орайластырылады. Бұл ретте оларға бұдан бұрын берілген ауыл шаруашылығы жер учаскелерін пайдалану құқығының мерзімі аяқталғанға дейін жеке меншікке жердің кадастрлық құнының елу пайызы мөлшеріне дейін айқындалатын жеңілдік бағамен төлеу қарастырылады. Бұл төлеу мерзімі кейіннен он жылға дейін ұзартылу құқығы да көзделеді.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар