• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР делегаты Орталық Азия – Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық форумына қатысты

ҚР делегаты Орталық Азия – Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық форумына қатысты

7 Қазан, 2015 19:46
Сеул қаласында «Орталық Азия – Корея Республикасы» (ОАКР) 9-шы форумы өтті. Оның жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және қабылдаушы елдің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының орынбасарлары қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов бастаған Қазақстан делегациясының құрамында Қаржы, Мәдениет және спорт министрліктерінің, сондай-ақ Қазақстанның жетекші білім және сауықтыру мекемелерінің өкілдері кірді.

Іс-шара күн тәртібінің негізгі тармағы «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумын институциаландыру арқылы оның тиімділігін арттыру болды. Сонымен қатар, қатысушылар денсаулық сақтау және медицина, кеден, мәдени мұра және т.б салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Форумның қорытындысы бойынша Сеул декларациясы қабылданды.

Форум аясында А. Мусинов Корея Республикасы Сыртқы істер және сауда министрінің бірінші орынбасары Чо Тэ Енгпен кездесіп, тараптар саяси, сауда-экономикалық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы қарым-қатынастардың дамуына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.

2015 жылғы 6 қазанда ОАКР Форумы шеңберінде Оңтүстік Корея мен Орталық Азия елдерінің іскерлік топтары өкілдерінің қатысуымен сауда-туристік көрме өткізіліп, халық тұтынатын тауарлар мен туристік сала мүмкіндіктері, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің мәдени мұрасының жәдігерлері барша назарына паш етілді.

«Орталық Азия – Корея Республикасы» Форумы 2007 жылы құрылды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – орман және ауыл шаруашылығы, энергетика, минералдық ресурстар, құрылыс, көлік, сондай-ақ ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар, мәдениет және білім салаларындағы ықпалдастықты тереңдету болып табылады.

Барлық жаңалықтар