ИИДМБ: «Тау-Кен Алтын» ЖШС-ның қуаттылығы 2019 жылы 25 тонна алтынға жетеді

7 Қазан, 2015 18:07
«Тау-Кен Алтын» ЖШС кәсіпорны үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясында Астанадағы Индустриялды паркте іске асырылатын негізгі жобалардың бірі болып табылады. Аталмыш жоба 2011 жылдан бастап қолға алынып, 2012 жылдың шілде айында индустриялды форум барысында Қазақстан Президенті зауыт құрылысын бастап берген еді. Зауыт ресми түрде Мемлекет басшысының қатысуымен 2013 жылдың 19 желтоқсанында ашылды.

Айта кету керек, зауыттың құрылысы Мемлекет басшысының «Алтын рудалары мемлекеттік аффинаж зауыттарында өңделуі керек» деген сөзіне орай қолға алынды. Жобаға сай, зауыттың жоспарлы қуаттылығы жылына кемінде 25 тонна аффинаж алтыны мен 50 тонна күмісті құрайды.

«2014 жылы 7 тоннаға жуық алтынды аффинаждады, содан кейін ол Ұлттық банкке алтынвалюта қорын толықтырылуға жөнелтілді. 2015 жылы аффинаж зауытының жоспары 10 тонна алтын мен 6 тонна күміс. Болашақта зауыт 25 тонна алтын мен 50 тонна күміс өндіретін болады, бұл жобалық қуаттылыққа 2019 жылы қол жеткізіледі деп күтілуде», - деді «Тау-Кен Алтын» ЖШС директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары Жанар Рахимова «Strategy2050.kz» АА берген сұхбатында. 

Бүгінде зауытта 74 адам жұмыс істесе, оның 56 өндірісте. Шикізатты 29 жеткізуші алып келеді. Орташа есеппен 20 тонна шикізаттан 10 тонна дайын өнім алынады. Шикізат тек Қазақстан аймағында өндіріледі: Қостанай, Ақбақай, Қарағанды кен орындары мен Шығыс Қазақстан облысында.

«Шикізат зауытқа келгеннен кейін оның салмағы өлшенеді, сынама алынады. Сараптама нәтижесі расталғанда жеткізушіге ақша төленеді, одан ары материал технологиялық процеске жөнелтіледі. Содан соң алтынды электролиздеу цехына, кейін құйма қою цехына, содан соң тазалау цехына жөнелтіледі. Осы процестердің барлығының нәтижесінде  банктік құймалар шығарылады», - деді «Тау-Кен Алтын» ЖШС бас технологы  Асқар Тілеулин.

Айта өтейік, бір алтын құймасының салмағы 12 кг және ол 500 мың доллар тұрады.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар