ЕАЭО үшін мамандарды даярлаумен айналысу керек – В.Садовничий

6 Қазан, 2015 12:43
Еуразиялық экономикалық одақ үшін біліктілігі жоғары мамандарды даярлаумен айналысу керек, деп хабарлады М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий Астанада өтіп жатқан «Еуразиялық экономикалық болашақ» халықаралық форумында.

«Еуразиялық жоба -  бұл тек экономика ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық сала.  Сол кезде біз Еуразиялық гуманитарлық ортақ кеңістікті құру туралы мәселені көтерген болатынбыз. Мемлекеттің табысты дамуын қолданбалы ғылым, заманауи зерттемелер, заманауи кәсіпорындарды құру, білікті мамандарды даярлаусыз елестету мүмкін емес», - деді В.Садовничий.

Осы ретте, ректордың айтуынша, ЕАЭО үшін мамандарды даярлаумен айналысу керек.

«Біздің пайымымызша жоспар бойынша бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одақ үшін біліктілігі жоғары мамандарды даярлау шығады. Осы жылдар бойы еуразиялық кеңістікте Еуразиялық университеттер қауымдастығы дамып және жұмыс істеп келді. Оның құрамында ТМД-ның 100-ден астам оқу орны бар», - деп атап өтті ол. 

Естеріңізге сала кетейік,  1994 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің  қабырғасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы ұсыныс білдірді.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар