Жоғарғы сот мерзімінен бұрын шартты босату жобасының қаулысын қабылдады

2 Қазан, 2015 19:12
Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқан жүкті әйелдер, зейнеткерлер, жалғызбасты әкелер мерзімінен бұрын шартты босап шығу үшін бірқатар жеңілдікке ие болмақ. Осы норманы тәжірибеге енгізуді көздейтін нормативтік-құқықтық қаулы бүгін ҚР Жоғарғы Сотының пленарлық отырысында қабылданды.

«Бүгін пленарлық отырыста нормативтік қаулыны қабылдаймыз. Ол сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты босату, жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдеу жазаға ауыстыру және жаза мерзімін қысқартуды қарастырады. Бұл неден туындап отыр? Биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап жаңа қылмыстық, қылмыстық-атқару және қылмыстық-процестік кодекстер күшіне енді. Осы кодекстер бойынша біз жұмыс істеп жатырмыз. Осы кодекстердің талабына жауап беретін нормативтік қаулы қабылдауымыз керек. Яғни, төменгі тұрған соттарға бағдар беріп, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыруымыз қажет», - деді тілшілерге берген сұхбатында Жоғарғы Сот судьясы Моряк Шегенов. 

«Сондай-ақ шартты түрде босап шыққандар бақыланады. Қазір қолданыста жүрген нормативтік қаулының күшін жойып, жаңасын қабылдаймыз. Бұл қаулы бірнеше жұмыс тобының талқысынан өтті», - деп толықтырды М.Шегенов. 

Мамандардың пікірінше, заңнаманы ізгілендіру елімізде сотталғандардың санын қысқарту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді.Өз кезегінде отырыста ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов бұл қаулы прокурорлар да күтіп отырған маңызды құжат екенін атап өтті.

 

Барлық жаңалықтар