А.Сәрінжіпов: 2016 жылы ұстаздар жалақысы 43-66%-ға өседі

1 Қазан, 2015 16:52
Қазақстанда еңбекақыны төлеудің жаңа моделін енгізу арқылы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 43-66%-ға дейін артады, деп хабарлады ҚР білім жәенеи ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Ұстаздар күніне арналған «Үздік педагог» байқауының марапаттау салтанатында.

«2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа моделі енгізіліп отыр. Бұл ең алдымен білім саласының қызметкелеріне қатысты. Мұғалімдердің жалақысы олардың білім деңгейі, біліктілік санаты, еңбек түрі, жүктемесіне байланысты анықталады. Жалақы үстеме ақысының жаңа жүйесі енгізіліп отыр. Олар өтемдік және ынталандырушы болып бөлінеді. Өтемдік үстемеақылар жұмысшының еңбек жағдайына байланысты болады, ал ынталандырушы үстемеақы еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін сыйақы ретінде беріледі»,  деді сөз басында ведомсвто басшысы. 

Министр жаңа әдіс қолданыстағы жалақы жүйесінің олқылықтарының орнын толтыратынына және білім беру саласы мамандарының беделін артыратынына сенім білдірді.

Сонымен, барлық қызметкерлерді қоса алатын болсақ, жалақы 27%-ға өседі. Ал, педагог қызметкерлердің жалақысы орташа есеппен 44%-ға артады.

«Соның ішінде, білімі жоғары және біліктілік санаты жоғары мұғалімдердің еңбекақысы 66%-ға, білімі жоғары, І санаттағы жоғары білімі бар мұғалімдердің жалақысы 51%-ға, орташа білімді және біліктілік санаты жоғары мұғалімдердің еңбекақысы 64%-ға және І санаттағы жоғары білімі бар мұғалімдердің жалақысы 43%-ға артады. Осы мақсатта республикалық бюджеттен шамамен 200 млрд теңге бөлінді»,  деп түсіндірді А.Сәрінжіпов. 

Сондай-ақ, министр әріптестерін, педагогтарды, еңбек ардагерлерін кәсіби мейрамы Ұстаздар күнімен құттықтады.

«Ұстаздың өмірлік жолы жақсылық пен мейірімділікке, мемлекет алдындағы абыройлы міндетке толы. Сіздер адамның мінезі, ұстанымы үлкен роль атқаратын мамандық иесісіздер. Ұстазы жақсының шәкірті озар», - деді Сәрінжіпов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Ұстаздар күні қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Ағымдағы жылы ол 4 қазанға келіп тұр.

Барлық жаңалықтар