Павлодар облысында тау-кен байыту комбинатының құрылысы 90%-ға аяқталды

1 Қазан, 2015 19:11
«KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің тау-кен байыту комбинатының құрылысы 90%-ға аяқталды, деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кешеннің құрылысы 2010 жылы  басталған болатын, ашылуы үстіміздегі жылдың соңына жоспарланған. Құрылысқа 2,5 мың адам жұмылдырылған, ал жоба іске қосылған соң жұмыскерлер саны 1,5 мың адамды құрайтын болады.

Аталмыш жоба мыс кенін өндіруге, сондай-ақ оны байытуға есептелген. Жалпы құны 2,2 миллиард долларды құрайды.

«KAZ Minerals» компаниясының басқарма төрағасы Олег Новачуктың айтуынша, кенді өндеудің жылдық қуаты 30 миллион тоннаны, катодтық эквивалент концентратындағы мыс өндірісі алғашқы он жылда 100 мың тоннаны құрайтын болады. Өндіріс іске қосылған соң дайын өнімді басқа елдерге, алдымен Қытайға экспорттау жоспарланып отыр. Болашақта Қазақстан аумағында мыс қорыту зауыттарын салу көзделген.

Мұнда пайдаланылатын заманауи құрал-жабдық пен инновациялық технологияларды былай қойғанда, әлеуметтік инфрақұрылым да жоғары деңгейде дамыған. Жұмыскерлер үшін клуб ашылған, онда үш шағын кинотеатр, бильярд залы жұмыс істейді. Сондай-ақ үстел теннисін, дойбы және шахмат ойнауға арналған орынжайлар, жаттығу залы бар.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Қанат Бозымбаев Бозшакөл тау-кен байыту комбинатына барғанында басқарма төрағасы Олег Новачукпен 1 шетелдік жұмыскерге  Павлодар облысының тұрғындары қатарынан 2 жұмыскер есебімен жұмыс орындарының басым бөлігі жергілікті халыққа ұсынылады деген келісімге келді. Олег Новачук бұл жобаның Павлодар облысы әкімдігінің жан-жақты қолдауы арқылы жүзеге асырылғанын атап өтті.

Барлық жаңалықтар