ШҚО ауыл шаруашылығы саласында белсенді несие алушылар саны 20%-ға өсті

2 Қазан, 2015 09:13
Ағымдағы жылы ШҚО-ның 2 мыңға жуық ауыл тұрғындары мен агроөнеркәсіп кешені субьектілері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ желісі бойынша тиімді шарттармен 1,2 млрд теңгеге шағын несиелер алған, деп хабарлады ШҚО-ның ақпараттық орталығы.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін несие беру мәселесін облыс әкімі Даниал Ахметов қарастырған болатын.

Ауыл тұрғындарына әр түрлі несиелендіру бағдарламалары бойынша шағын несиелер беріледі, соның ішінде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, жеңілдіктер қарастырылған. Бұл тәсіл ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін, жаңадан бастаған және тәжірибелі ауыл кәсіпкерлерін қаржыландырудағы жетіспеушілік мәселесін шешуге сеп болмақ.

Бүгінде шағын бизнес өкілдерінің 6 бағыт бойынша несие алуға мүмкіндіктері бар.

Жыл басынан бастап шағын сүт-тауар фермаларын, сүт қабылдау пункттерін ашу және дамыту үшін, тамшылап суару жүйесін ұйымдастыруға 408,5 млн теңге берілді. Бұл қаржыға Семей қаласы мен Ұлан, Глубокий аудандарында шағын СТФ және Жарма, Шемонаиха аудандарында үш сүт қабылдау пункттерін құру бойынша 8 жоба жүзеге асырылуда. Көкпекті ауданында тамшылап суару жобасы іске асырылуда.

Айта кету керек, аймақта әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, дамытуға қолдау көрсетіледі. Тек биылғы жылдың өзінде жеңілдікпен несие алған кәсіпкер әйелдердің саны 31% құрап отыр.

 

Барлық жаңалықтар