• Басты
  • Жаңалықтар
  • Б.Жұмағұлов: Қазақстан Қытайға мұнай өндіруді дамыту бойынша математикалық әзірлемелерді ұсынуға дайын

Б.Жұмағұлов: Қазақстан Қытайға мұнай өндіруді дамыту бойынша математикалық әзірлемелерді ұсынуға дайын

30 Қыркүйек, 2015 10:57
Қазақстанда мұнай өндіруді дамыту бойынша математикалық әзірлемелер бар, деді Ұлттық инженерлік академия президенті Бақытжан Жұмағұлов KAZENERGY форумы аясында өтіп жатқан конференцияда.

«Біз Қытай инженерлік академиясымен бірлесіп CNPC ірі мұнай компаниясымен мұнай өндірудің технологиясы  мен ғылыми әзірлемелерді қолдану бойынша алғашқы қадамымызды жасадық. Бүгінде мұнай оңай жолмен алынбайды», - деді Б.Жұмағұлов.

Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіруді жақсарту бойынша математикалық тыңғылықты модельдер бар.

«Бұл өте маңызды мәселе. Біз қытайлық әріптестермен бұл бағыт бойынша жұмыс істеуге дайынбыз. Тағы бір мәселе – мұнай өңдеудің тереңдігі. Бұл орайда Қазақстан 68 пайызды, Ресей – 70 пайызды, Еуропа – 85-90 пайызды құрайды. Біздің ғалымдарға ерен еңбек ету керек. Сондай-ақ, қазақстандық ғалымдар дайындаған көлікті тиімді қолдану әзірлемесі де бар», - деді ол.

Қытайлық Инженерлік академия, «ҚазМұнайГаз», СNPС компанияларымен ынтымақтастық көкжиегі кең екені аталып өтті.

«Одан әрі мәселелер нақтылана түседі. Қазақстандық мұнайдың құрамы өте күрделі, олар күкірт қышқылының қосындыларынан тұрады, сондықтан оларды ғылыми сүйемелдеу өте үлкен маңызға ие», - деді академия президенті.

Айта кетейік, X KAZENERGY Еуразиялық форумы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы мен Қытай Халық Республикасының Инженерлік академиясы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар