• Басты
  • Қазақстан Президенті БҰҰ антитеррорлық коалициясын құру қажеттігін айтты
30 Қыркүйек, 2015 08:56

Қазақстан Президенті БҰҰ антитеррорлық коалициясын құру қажеттігін айтты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы күрес жөніндегі саммитке қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті БҰҰ антитеррорлық коалициясын құру қажеттігін айтты | Strategy2050.kz

Қазақстан Президенті зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген ең елеулі қатерге айналып, халықаралық терроризмнің өсуіне ықпал етіп отырғанын атап көрсетті.

«Бізге жаңа әлемдік мәміле керек. Мемлекеттер саяси ерік-жігер танытуға және ортақ қауіпке қарсы күш біріктіруге тиіс. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әлемнің қолынан келді. Біз 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін бірлігімізді паш еттік. 2013 жылы Вашингтон мен Мәскеудің жаһандық жауапкершілігіне куә болдық, олар Сириядағы химиялық қаруды жою бойынша ынтымақтастық жөнінде уағдаласты. Биылғы шілде айында Иран ядролық бағдарламасы бойынша тағдыршешті келісімге қол жеткізілді. Жетекші державалар қазіргі келіспеушіліктерінен жоғары тұра білді. Бүгін де олар бүкіл өркениетті адамзатқа елеулі қатер төндіріп отырған терроризмге қарсы біріге алады деп үміттенеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдердің бірлескен күш-жігерін жұмылдырған жөн болатын бірқатар бағыттарды атады.

Соның ішінде Мемлекет басшысы терроризмді жаһандық қатер ретінде танудың маңыздылығын айтты.

«БҰҰ антитеррорлық коалициясын құрып, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге және террористік қылмысқа қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау бойынша бірыңғай іс-қимыл тетігін әзірлеген жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті БҰҰ аясында зорлық сипатындағы экстремизмге қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған барлық қарарлар мен шешімдердің ұсынымдық сипатынан міндеттеу тұрпатына көшу қажеттігін де айтты.

«Олар Қауіпсіздік кеңесі деңгейінде қаралуға және бекітілуге тиіс. БҰҰ-ның 2006 жылы қабылданған Жаһандық контртеррористік стратегиясының негізгі ережелерін Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен бекіткен жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемге террористер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың әмбебап және барлық мемлекеттерге міндетті нормалары мен ережелері қажеттігіне назар аударды.

«БҰҰ аясында экстремистік және террористік құрылымдар ұғымын біріздендіру қажет, оларды әлемдік заңнамадан тысқары деп жариялау құқығын тек Қауіпсіздік кеңесіне беру керек. Террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесін жасау маңызды», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықаралық терроризмге және экстремизмге қатысы бар тұлғаларды қудалау және экстрадициялаудың ортақ тетігін әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

«Оларға қолдау көрсеткендерге қатысты ең қатаң санкциялар қолданылатынын нақтылап бекіткен жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмнің салдарымен ғана күресіп қоймай, оның бастапқы себептерін жою қажеттігін де айтты.

Бұл орайда мемлекеттердің қандай елде болмасын, мемлекеттілікті күйретуге әкелетін кез келген күштің конституциялық емес және құқықтық емес әрекетін қолдаудан түпкілікті бас тарту маңызды мәнге ие, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның террорға қарсы мемлекеттер коалициясына он төрт жыл бұрын, 11 қыркүйектегі қасіреттен кейін мүше болғанын еске салды.

«Биылғы маусым айының аяғында Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі өңірлік конференциясы өтті. Біз қазір де зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм мен халықаралық терроризмді жою жөніндегі ұжымдық күш-жігерді қолдайтынымызды тағы да мәлімдейміз», – деді Қазақстан Президенті. 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды