Абай Тасболатов Мәжілістің вице-спикері болып тағайындалды

23 Қыркүйек, 2015 10:34
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаттары Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметіне Абай Тасболатовты лайық деп тауып, оның кандидатурасына бірауыздан қолдау танытты.

«ҚР Конституциясының 58-бабының 3-тармағының 3-тармақшасына сәйкес Мәжіліс төрағасының орынбасарын палата төрағасы ұсынады. Сондықтан «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңның 9-бабының 8-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары қызметіне Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов Бөлекбайұлының кандидатурасын ұсынып отырмын», - деді Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов. 

«Бұл кісіні барлығыңыз жақсы білесіздер. 1951 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Николаевка ауылында дүниеге келген. Кішкентай лейтенанттан генерал-лейтенантқа дейін өскен жігіттердің бірі», - деген Мәжіліс төрағасы осы шешімді дауысқа салды. 

Абай Тасболатовтың кандидатурасына қатысып отырған депутаттар бірауыздан қолдау танытты. 

«Сіз дана шешім қабылдап отырсыз, ең бастысы нақты шешім. Абай Бөлекбайұлын бәріміз сыйлаймыз. Өзіңіз айтқандай, лейтенанттан генерал-лейтенатқа дейінгі жолды өтті. Парламенттің тарихында генерал вице-спикер болған емес. Сондықтан екі қолдап қолдаймыз», - деді сөз алған депутат Мұхтар Тінікеев. 

Өз кезегінде Абай Тасболатов өзіне артылған сенімді ақтауға күш салатынын жеткізді. 

«Елбасы, Жоғары Бас қолбасшының сенімін ақтаймын. Құрметті төраға, әріптестер, қолдағандарыңызға рахмет айтамын. Алдыма қойған міндеттерді орындаймын», - деді Тасболатов. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарған Дариға Назарбаева ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. Өткен аптада депутаттар Д.Назарбаеваны қошемет көрсетіп, шығарып салған болатын.

 

Барлық жаңалықтар