Астанада Жазғы Универсиада жеңімпаздары марапатталды

21 Қыркүйек, 2015 16:32
Бүгін Астанада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында 3-14 шілде аралығында Кореяда өткен жазғы Универсиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті.

«Бүкіләлемдік Универсиада Олимпиада ойындарынан кейінгі маңызы бойынша екінші спорттық шара болып табылады. Біздің спортшылар, студенттеріміздің осы жарыста жылдан-жылға жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқаны бізді қуантады. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде спорт саласы дамып отыр және біздің спортшылар соңғы жылдары мықты бәсекелестік көрсете алатынын дәлелдеді. Біз спорттық қауымдастық атынан барлық жеңімпаздарды құттықтаймыз», - деді марапаттау салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт істері және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов. 

Салтанатты шарада 28-ші жазғы Универсиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы сертификаты табыс етілді. Дүбірлі додада алтын медаль жеңіп алған спортшылар 15 мың АҚШ доллары, қола жүлде алғандар 5 мың АҚШ долларына ие болды. 

Айта кетейік, 28-ші жазғы Универсиада 3-14 шілде аралығында Кванджу (Корея) қаласында өтті, оған әлемнің 146 елінен 12 986 спортшы қатысты. Жарыстарда спорттың 21 түрінен 272 медаль жиынтығы сарапқа салынды. 

Универсиадада Қазақстан жалпы командалық есепте 11-ші орынға тұрақтады. Еліміздің спортшылары жарыста он медаль – 6 алтын және 4 қола медаль жеңіп алды. 

Жеңіл атлет Виктория Зябкина 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруден екі алтын иеленеді. Бұған қоса ол Юля Рахманова, Светлана Иванчукова және Анастасия Тулапинамен бірге эстафетада тағы бір алтын алды. Сонымен қатар, сырықпен секіруден Никита Филиппов, таэквондодан Нұрсұлтан Мамаев және 100 метрге жүзуден Дмитрий Баландин еліміздің қоржынына тағы үш алтын медаль салды.

Дмитрий Баландин жарыста қажетті нормативті орындап, Рио Олимпиадасына жолдама ұтып алды. Бұған қоса, бұл сайыста Баландин 50 метрге жүзуден қола медаль еншіледі. Мұнымен қатар, қола медальді дзюдодан Жанар Қашқын, қыздар арасында стендтік атудан Әсем Орынбай, Жәния Айдарханова, Ангелина Мищук, ерлер құрамалары арасында стендтік атудан Андрей Флоров, Александр Ященко, Владимир Почивалов жеңіп алды.

 

Барлық жаңалықтар