Қазақстандық сенаторлар ЕҚЫҰ ПА сессиясына қатысып жатыр

17 Қыркүйек, 2015 15:36
Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы И. Адырбеков бастаған қазақстандық парламентшілер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Моңғолия елордасы Улан-Баторда өтіп жатқан Күзгі сессиясына қатысуда, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Делегация құрамында Сенат депутаттары В.Бобров пен Г. Ким бар. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясына 300-дей депутат қатысуда. Қазақстандық делегация Моңғолия Парламентінің Төрағасы З.Энхболдпен және Моңғолия Парламенті Қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы Ж. Энхбаярмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан-Моңғолия ынтымақтастығы, сонымен бірге парламентаралық үнқатысу мәселелері талқыланды. Жүздесушілер бәрі қамтылатын жаһандану жағдайында парламенттік дипломатия өзара іс-қимылдағы сұранысқа ие құралдардың бірі екенін атап өтті.

Кездесуге қатысушылар ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің парламентшілері осы Ұйымның күн тәртібін қарауға белсенді араласып келе жатқанын атап өтті. Қазақстандық тарап 2017-2018 жылдардағы кезеңге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелері құрамына ену жөніндегі Қазақстанның өтінішін Моңғолияның қолдауы туралы өтінді. Белсенді ел және халықаралық қоғамдастықтың сындарлы мүшесі ретінде Қазақстан Республикасының басымдықтары мен нақты шаралары туралы Моңғолия депутаттары хабардар етілді.

Қазақстан делегациясының мүшелері моңғол әріптестерін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды. 17 қыркүйекте қазақстандық делегация Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хұралы төрағасының орынбасары Л.Цогпен кездесті.

 Тараптар өзара екіжақты іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ Қазақсан мен Моңғолияның заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасты. ЕҚЫҰ ПА сессиясы барысында Украинадағы жағдай туралы да пікірсайыс болды.

Талқылауға мұрындық болған Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы С.Нарышкин Украина жөніндегі парламентаралық байланыс тобын құруға шақырды. Украин депутаты А.Герасимов та баяндама жасады. Осы мәселе бойынша И.Адырбековтің мәлімдемесінде Қазақстан халықаралық құқықтың басты қағидаларына негізделген Украинадағы шиеленістен шығудың салмақты және нақты қадамдарын ұстанатыны атап өтілді.

Онда ЕҚЫҰ-ның арнаулы мониториг миссиясының шиеленістің барлық аудандарына баруына мүмкіндігін және ауыр қаруларды түпкілікті алып кетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Украинаның оңтүстік-шығысына ЕҚЫҰ мандатын күшейту мақсатында ынтымақтасу қажеттігін атап өтті.
 

 

Барлық жаңалықтар