• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚХА: Қазақ хандарының қайсарлығы мен патриоттығы Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылды

ҚХА: Қазақ хандарының қайсарлығы мен патриоттығы Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылды

14 Қыркүйек, 2015 15:49
Қазақ хандары қайсарлық пен батылдықты бойына жинаған алып тұлғалар ретінде Қазақстан тарихына алтын әріптермен енді. Бұл туралы Ақмола облысы «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени орталығының төрағасы Герихан Яндиев Астанадағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шара барысында айтты.

«Қазақ хандығының 550 жылдығы халықаралық жағдай, халық рухының қалыптасуы мен бірлігінің нығаюына  негіз болған маңызды оқиға. Ықылым заманнан бері өмірде алып тұлғалар аз болған жоқ.  Қазақ тарихында  Керей мен Жәнібек, Ақназар хан, Қасым хан, Тәуе мен Жәңгір хан сынды сайыпқырандар жетерлік. Бұл атағынан ат үркитін батыр бабалардың бойын қайсарлық пен патриоттық жайлаған. Олардың барлығы ұлттың  бірлігі жолында күрескен», - деді Г.Яндиев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі ұлттық бірігу  болып саналады. 

« «Бірлік түбі – тірлік» дегендей, қазір көптеген елдің проблемасы бірліктің болмауынан туындап жатады. Көпұлтты Қазақстан мықты мемлекетті дамыту үшін бұл қағиданы үнемі ұстануы керек», - деді Г.Яндиев.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар