Н. Назарбаев: Түркі әлемінің тұжырымдамасын қабылдауды жеделдету керек

11 Қыркүйек, 2015 15:43
Түркі әлемі тұжырымдамасын қабылдауды жеделдету керек, оның Түркі академиясымен жасақталғаны жөн, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің V саммитінде.

«Кеңес құрылғалы мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастық бір жолға түсті. Төртінші саммитте түркі әлемінің тұжырымдамасын жасақтау туралы айтқан болатынбыз, дәл осы тұжырымдаманы Түркі академиясы жасақтауы керек және оның қабылдануын жеделдеткен жөн», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер Түркі әлеміне өз әсерлерін тигізуде.

«Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыстар өз бейбіт шешімін тапса деп едік. Сонымен қатар, Ауғанстанды қалпына келтіру жұмыстары да бейбіт жүргізілуі тиіс, себебі біз бір аймақтамыз және сепарастистік,  лаңкестік , экстремистік ұйымдардың әрекеттеріне тосқауыл қоюымыз керек. Менің ойымша Ислам достастығы ұйымы ен БҰҰ-ның бақылаушы мәртебесін алған жөн. Менің ойымша барлығымыз осыған мүдделіміз», - деп түсіндірді Н. Назарбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы  Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің V саммиті өтуде. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кеңесі 2009 жылы 3 қазанда Әзірбайжанда Нахичевани қаласында құрылған болатын. Түркітілдес елдердің басын біріктіретін халықаралық ұйымға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркия кіреді.

Барлық жаңалықтар