Н. Назарбаев: Қазақстанды ықылым заманнан бері Ұлы дала деп атаған

11 Қыркүйек, 2015 12:32
Біздің қасиетті жерімізді ықылым заманнан бері Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Біздің қасиетті жерімізді ықылым заманнан бері Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Біз - солардың жалғасымыз. Ұлы даланың мұрагерлеріміз», - деді Мемлекет басшысы.

«Осынау кең байтақ ұлы даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып, жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы дала елі. Бұл - біздің тағдырымыз. Бұл - біздің таңдауымыз. Мәңгілік елімізде бейбітшілік пен береке бола берсін! Халқымыз аман болсын!», - деп аяқтады сөзін Елбасы Н.Назарбаев.

Айта кетейік, Қазақстан бүгін Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау шараларының  қорытынды кезеңіне өтті.

Дәл осы күні Астанада «Қазақ хандығынан  Мәңгілік Елге» кітап көрмесі мен  «Ұлы даланың өшпес тарихы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы  өтеді. Оған Қазақстан, Иран, Мысыр, Белоруссия мен Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, білім мен ғылым министрлері, белгілі ғалымдар, әлемнің 18 мемлекетінің мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қатысады.

Бұдан басқа, Назарбаев Университетінде  «Мәңгілік Ел» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді, оған 1000-нан астам шетелдік және отандық ғалымдар, халықаралық сарапшылар, әлемнің 20 елінен келген бизнес-қауымдастық  өкілдері қатысады.

Бұл күннің айтулы шарасы «Барыс» көпфункционалды мұз кешенінде өтетін  «Мәңгілік Ел» мерекелік театрландырылған қойылымы болмақ.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар