Степногорскта жылыжай мен сүт фермасын салу жоспарлануда

11 Қыркүйек, 2015 09:53
Степногорск қаласының аумағын дамыту бағдарламасына жаңа екі жоба енгізілді - көкөністерді өсіруге арналған жылыжай мен Қарабұлақ ауылында сүт тауарлы фермасын салу, деп хабарлады ІСБ жанындағы «Ақмола Медиа Орталығы».

Бірінші жоба бойынша көкөніс өнімдерін өсіру (қияр, қызанақ, бұрыш және көкшөп) жоспарланған.  Жоба құны - 1 млрд 500 млн теңге болса, құрылыс барысында 30 адам жұмыспен қамтылады және пайдаланылуға берілгеннен кейін жаңа 100 жұмыс орны ашылады. Жобаны жүзеге асыру үшін 5 га жер керек.

Ал, сүт тауарлы фермасының құрылысы аяқталғаннан кейін  - сүт цехы мен сүт қабылдау - кәсіпорын сүт өнімдерін тазартумен және қайта өңдеумен айналысатын болады. Осылайша айран, ірімшік, қаймақ, «Адыгейский» жұмсақ сұрыпты ірімшік, май өндірілетін болады.

Жоба іске қосылғаннан кейін 5 жұмыс орны ашылса, құрылыс барысында 10 адам жұмысқа тартылады. Жоба құны 80 млн теңге деп бағалануда және жобаны жүзеге асыру үшін жер учаскесінің бөлінуі қажет.

Барлық жаңалықтар