Р.Гасанов: Түркітілдес халықтардың тарихы мен тамыры ортақ

10 Қыркүйек, 2015 19:03
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің Бас хатшысы Рамиль Гасановты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

«Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Кеңес қызметіне ерекше маңыз береді. Біздің еліміз осы ұйымға, оның ішінде парламенттік деңгейдегі қолдауды одан әрі жалғастыратын болады», - деді Қ.Тоқаев. Осыған байланысты Астанада 11 қыркүйекте болатын Түркі кеңесінің бесінші саммиті маңызды болып отыр. Төраға Бас хатшы жұмысының табысты болуына тілектестігін жеткізіп, Кеңестің халықаралық аренада өзінің лайықты орнын алатынына сенім білдірді.

Р.Гасановтың пікірінше, «біздің халықтарымыздың тарихы мен тамыры ортақ» болғандықтан ұйымға мүше мемлекеттер үшін Түркі кеңесінің мерейтойлық саммиті мен Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің тұспа-тұс келгені – маңызды тарихи оқиға болып табылады. Ол Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесін және басқа да көптеген өзара байланысқа қызмет ететін маңызды органдарды құрудағы бастамашы ретінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана саммитінде Кеңеске төрағалықты қабылдайтынын және ұйымды нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.

Одан басқа, Бас хатшы ынтымақтастықтың салалық жобалары, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және басқа да ұйымдардың алаңдарындағы өзара ынтымақтасу туралы әңгімеледі. Бас хатшы Түркі Академиясының қызметі туралы жоғары пікір айтты.

 

Барлық жаңалықтар